×

Оқырманы азайған ресейлік баспагерлер кітаптарын Қазақстанда шығармақ

Былтыр елімізде 34 млн долларға жуық қаражатқа кітап импортталған

 Еркеғали Болатұлы 07.09.2022 | 11:13
фото: ашық дереккөз

Ресейде қағаз кітаптар қымбаттап, сатылым 6 пайызға қысқарған. Бұған шикізат пен қызмет ақысының шарықтауы себеп. Мамандар баға тағы 30 пайызға өсетінін болжап отыр екен.

«Хабар 24» телеарнасының хабарлауынша, тығырыққа тірелген ресейлік баспагерлер қазір өнімді Қазақстанда шығаруға ниетті. Бұл туралы елордадағы полиграфиялық кәсіпорын иелері мәлімдеген.

Былтыр елімізге 34 млн долларға жуық қаражатқа кітап импортталған. Әрине, ең басты тасымалдаушы – Ресей. Одан бөлек, Англия, Түркия, Германия, Қытай сияқты мемлекеттер ұсынған кітапты оқып жүрміз.

Сонымен, бүгінде Ресейде кітап сатылымы 252 млн данаға дейін қысқармақ. Жергілікті оқырмандардың сұранысы жылдан жылға азайып барады. Сол себепті, баспа иелері мен авторлар туындыларын Қазақстанда шығаруға талпынып әлек. Бірақ қазақстандық кәсіп иелері ондағы баспа мәселесі біздің нарықты кітапсыз қалдырмайтынын айтады. Себебі өзімізде әлемдік бестселлерлерді қазақ тілінде шығаратын баспалар көбейген.

Кітап дүкенінің иесі Асылан Тілеген елде оқырмандар саны артып жатқанын айтады. Әсіресе жастар қазақ жазушыларының еңбектеріне онлайн тапсырыс береді. Ірі полиграфия жетекшісі Сәния Ирсалиева кітап шығаруға ынталы қазақстандықтардың да көбейгенін айтады. Бұған дейін күнделік шығару трендте болса, қазір сараптамалық, мамандандырылған, тіпті тарихи кітаптарды шығару дағдыға айналып барады. Кәсіпкер тапсырыстың көптігі сонша, ресейлік әріптестермен байланыс орнатуға асықпаймыз дейді.

«Біз өндірісті тоқтатпауға тырысамыз. Алайда салада мәселе көп. Ресейге салынған санкция салқынын біз де сезіндік. Себебі шикізат түгел сырттан алынады. Логистика қиындады. Қазір түрлі қалыңдықтағы қағазды табу қиын. Ал бізде картон, цифрлық баспаға қажет тонер, бояу шығарылмайды. Шамамызға қарай қор жинап қоямыз. Осындай кедергілерге қарамастан тапсырыстарды орындап жатырмыз», - дейді Сәния Ирсалиева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама