×

Павлодарда психоневрология орталығы қызметкерлері өздерін «науқас» деп тіркеген басшының үстінен шағымданды

Орталықтың 11 қызметкеріне қағаз жүзінде «жүйке жүйесінің ауруы» диагнозы қойылған

 Данияр Айтпайұлы 07.09.2022 | 10:24
Коллаж: Халық үні

Павлодар облысында арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін психоневрология орталығының 11 қызметкері басшысының заңсыз әрекеті туралы хабарлап, құзырлы органдарға шағым түсірді. Олардың сөзінше, мекеме басшылығы денсаулығында кінәрат жоқ қызметкерлерін «науқас» санатына қосып, оларды «емдегені» үшін мемлекеттен қаржы алып отырған. Қызметкерлер ұжымдық арыз жазды. 

Хат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитеті және Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасына бағытталған.

«2022 жылдың шілдесінде облыстық психоневрология орталығының қызметкерлерінің ұялы телефондарына ЖСН көрсетілген хабарлама келе бастады. Хабарламада біздің «Адал Ниет Астана» жекеменшік қайырымдылық қоры» реабилитация орталығына жоспарлы емдеуге жіберілетініміз жазылған», - делінген ұжымдық хатта.

Қызметкерлер «Damumed» мобильді қосымшасы арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізіп, ақпарат іздеген.

Телефонына хабарлама келген әрбір қызметкер қағаз жүзінде «Жүйке жүйесінің ауруы» диагнозымен «Адал Ниет Астана» реабилитация орталығында ем қабылдағанын анықтадық. Шын мәнінде, астанада ем қабылдау былай тұрсын,  мұндай реабилитация орталығының бар екенін алғаш рет естідік. Сондай-ақ ешқайсымыздың денсаулығымызда ешқандай кінәрат жоқ, - дейді психоневрология орталығы қызметкерлері.

Мамандар құзырлы органға шағымданды. Алайда орталық басшылығы шағымды қайтарып алмаса, жұмыстан қуылатындарын айтып қорқытқан.

«Нұр-Сұлтан қаласынан «Адал Ниет Астана» мекемесінің директоры Бибісара Бейсенбаева келіп, біздің деректерімізді өшіріп, аты-жөнімізді науқастар тізімінен алып тастауға уәде берді. Ал жеке мәліметтерді облыстық психоневрологиялық орталық басшылығынан алғанын мәлімдеді. Біз арызымызды қайтарып алдық. Себебі барлығымызға жұмыс қажет», - дейді шағымданушы қызметкерлер.

Алайда мәселе мұнымен шешілмеді. «Damumed» қосымшасында қызметкерлер жүйке жүйесі сыр берген науқас ретінде ем қабылдағаны туралы ақпарат өзгертілмеген.

«Адал Ниет Астана» облыстық психоневрология орталығының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсету бойынша мемлекеттік тапсырыс алған болуы мүмкін. Ал оны орындау үшін біздің басшылығымыз өз қызметкерлерінің жеке мәліметтерін ұсынған. Осылайша, деніміз сау болса да, қағаз жүзінде ем қабылдаған болып шықтық. Ал шын мәнінде, барлығымыз ол аралықта жұмыста жүрген едік», - дейді орталық қызметкерлері.

Бұл мәселе бойынша Павлодар облысы еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы пікір білдірді.

«Қазір аталған мекемеде қызметтік тексеру жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша орталық басшылығына қатысты тиісті жаза қолданылады», - деп хабарлады басқарма.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама