×

«АрселорМиттал» компаниясы Қазақстанға 1 млрд доллар береді

Оның басым бөлігі өндірісті жаңғыртуға арналады

 Дастан Жұмабекұлы 06.09.2022 | 17:57
фото: Ақорда

Президент «АрселорМиттал» компаниясының атқарушы төрағасы Лакшми Митталмен кездесті.

Кездесуде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қазақстандағы қызметінің өзекті мәселелері мен алдағы уақытқа жоспары талқыланды. Сондай-ақ өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жергілікті тұрғындарға әділ еңбекақы төлеу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау және материалдық-техникалық базаны жаңғырту мәселелері туралы әңгіме болды.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы компанияның аталған талаптар мен міндеттемелерді орындауы аса маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар президент ішкі нарықтың қажеттілігін «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының өнімдерімен өтеу мәселесіне мән берді.

Бұдан басқа, компанияның парниктік газ шығарындыларын азайту шараларына да назар аударылды. 

Лакшми Миттал Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуық арада «АрселорМиттал» компаниясы Қазақстанға 1 мрд доллар көлемінде инвестиция салатынын, оның басым бөлігі өндірісті жаңғыртуға бағытталатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама