Halyq Uni логотип
×

Күдікті бет-жүзін көрсетпеуді сұрады: Атырауда үш адамның өліміне қатысты сот отырысы басталды

Оқиға 2022 жылдың 15 наурызында болған

 Айнұр Асылбекқызы 05.09.2022 | 22:10
Күдікті бет-жүзін көрсетпеуді сұрады: Атырауда үш адамның өліміне қатысты сот отырысы басталды
Halyq Uni

Атырау облысында 3 адамды атып өлтірген күдіктіге қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Атырауда 15 наурызда сағат 22:30 шамасында «Авангард» ықшам ауданында атыс болды. Оқиға салдарынан 1995 және 1999 жылы туған үш жігіт қаза тауып, тағы біреуі жараланған.

Сот процесі барысында күдікті БАҚ беттерінде жүзін және аты-жөнін жариялауға қарсы болды. 

Ер адам үш бап бойынша айыпталып отыр: ҚК 287-бабының 3-бөлігі (қаруды тасымалдау немесе алып жүру), ҚК 99-бабының 2- бөлігінің 1,6) тармақтары (адам өлтіру), ҚК 24-бабының 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу немесе қылмысқа оқталу) – 99-бабының 2-бөлігінің 1,6) тармақтары.

Сот отырысы барысында прокурор Мариана Жұмаханова айыптау актісін оқыды.

«Күдікті сағат 20:30 шамасында А.Долдашеваның ұялы телефонына қонырау шалған, алайда ұялы телефонды Ниматов Абзал Исатович көтеріп, Атырау қаласының, Авангард мөлтек ауданының соңғы аялдамасына келуді айтқан. Ол Ниматов Абзал Исатовичтың жақтастарымен кездесу жөніндегі өзара келісім бойынша, тапаншаларымен және оқ-дәрілерімен қаруланып, 2022 жылдың 15 наурызында жергілікті уақыт сағат 21.00 шамасында Атырау қаласының, Авангард мөлтек ауданының соңғы аялдамасына бағытталған. Бұл кезде Ниматов Абзал Исатовичтың айтуы бойынша Қ.Ибағали аталған жерге баруды жоспарлаған», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Сондай-ақ Қ.Ибағали күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық пиғылынан беймәлім болған.

«Туындаған келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге бағытталған ниетінің куәгерлері ретінде, достары 1999 жылы туған Зиноллаұлы Нұрхат, 1995 жылы туған Кауанов Самат Орынғалиұлы және туысы 1995 жылы туған Ниматов Абаттан өзімен бірге еріп бару үшін Атырау қаласының Авангард мөлтек ауданының соңғы аялдамасына келуді сұраған», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Артынаша көпшілік орында кездескен.

«Өзінің қылмыстық құқық бұзушылық ниетін жүзеге асыруға қолайлы деп тапқан ер адам көздеген 2 не одан көп адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға бағытталған қылмыстық құқық бұзушылық пиғылын ақырына дейін жеткізу мақсатында сол маңнан өтіп жатқан тұлғалардың өміріне қауіп төндіру тәсілімен, өзімен бірге болған «RETAY PT 24» модельді атыс тапаншасын қолына алып, атыс тапаншасын Ниматов Абаттың басына бағыттап, бір рет оқ атып, жәбірленушіге ашық бас сүйек ми жарақаты, күмбез бен бет сүйегінің сынуы, оң иық пен білектің атыс жаралары түріндегі дене жарақаттарын келтірген», – делінген құжатта.

Осылайша ер адам тапаншамен сол жердегі екі ер адамды атқан. 

Күдікті үш айыппен де, айыптау актісімен де келіспейтінін айтып, кейін өзі сотта жауап беру кезінде өз әрекетін түсіндіріп беретінін айтты. Судья «уақыты келгенде оған сөз беріледі» дегенде, күдікті «көзім қарауытып кетті» деп айтып үлгерді.

ҮШ АДАМНЫҢ ӨЛІМІ

Атырауда 15 наурызда сағат 22:30 шамасында «Авангард» ықшам ауданында атыс болды. Оқиға салдарынан 1995 және 1999 жылы туған үш жігіт қаза тауып, тағы біреуі жараланған.

Содан кейін үш адамды атып өлтірді деген күдікпен 1993 жылы туған Маңғыстау облысының тумасы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға жеке бас араздығы салдарынан болған.

Оқиғаға байланысты учаскелік полиция инспекторы үш жылға бас бостандығынан айырылды. Қалалық №2 соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, учаскелік полиция инспекторы қызметтік міндеттерін адал атқармай, қару сақтау дерегі жөнінде хабарламасына немқұрайлы қарап, әрекет етпеген.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы («қызметтегі әрекетсіздік») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Прокурор сотталушыны өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан және арнайы атағынан айырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Атырау қалалық №2 соты оған қатысты үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама