×

Үш адамның өлімі: Атырауда учаскелік полицейге сот үкімі шықты

Оған қатысты қызметтегі әрекетсіздік бойынша қылмыстық іс қозғалған

 Айнұр Асылбекқызы 15.08.2022 | 17:01
коллаж: Халық үні

Атырауда учаскелік полиция инспекторы үш жылға бас бостандығынан айырылды. Полиция қызметкеріне қатысты іс Атырау қалалық №2 сотында қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, 15 наурызда Атыраудағы «Авангард» ықшам ауданында үш адам кісі қолынан қайтыс болды. Учаскелік полиция инспекторы үш адамды атып өлтірген адамның қарулы екенінен алдын ала білсе де, ешқандай шара қолданбаған.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы («қызметтегі әрекетсіздік») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Атыраулық ер адам 2021 жылдың қазанынан бастап «Нұрсая» ықшам ауданында 32 жастағы әйелмен бірге азаматтық некеде тұрған. Әйелдің бұрынғы күйеуі азаматтық некеде бірге тұрып жатқан ер адамның үстінен 14 наурызда полицияға шағым түсірген. 4-сыныпта оқитын ұлын ұрып-соғатынын айтқан. 15 наурызда әйел азаматтық некедегі күйеуімен бірге «Нұрсая» ықшам ауданындағы полиция пунктіне шақыртылған.

Шағым түсіруші мен кәмелет жасына толмаған бала ер адамның үйінде қаруы бар екенін айтқан. Алайда учаскелік полиция инспекторы олардың сөзін ескермей, ешқандай шара қолданбаған.

15 наурызда сағат 22.30 шамасында Атырау қаласындағы «Авангард» ықшам ауданында ер адам үш адамды оқ атып өлтіріп, төртіншісін ауыр жарақаттаған.

Қалалық №2 соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, учаскелік полиция инспекторы қызметтік міндеттерін адал атқармай, қару сақтау дерегі жөнінде хабарламасына немқұрайлы қарап, әрекет етпеген.

Прокурор сотталушыны өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан және арнайы атағынан айырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Атырау қалалық №2 соты оған қатысты үшін үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама