×

Қоқысы екі апта жиналмаған Шымкенттің орталығы қоқырсып жатыр

Әкімдік қалдықтарды әкетуге тиіс мекемелердің жұмысына тікелей араласа алмаймыз дейді

 Еркеғали Болатұлы 03.09.2022 | 09:47
фото: ашық дереккөз

Шымкентте екі аптадан бері тұрмыстық қалдық жиналмай жатыр. Соның салдарынан шаһарды күл-қоқыс басып, жер үйлер мен көпқабатты баспаналардың алды қапқа салынған қалдықтарға толды деп хабарлады КТК телеарнасы.

Тазалықтың жоқтығынан құрт-құмырсқа мен тышқан қаптап, көшелерді жағымсыз иіс жайлап кеткен. Шенеуніктер бұл тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын жеке компанияның селқостығы деп, тазалыққа жауапты мекемені тұрғындардың өзі сотқа берсін деп қол қусырып отыр.

Жергілікті шенеуніктер мен тазалыққа жауапты мекемелерге хабарласып, нәтиже шығара алмаған шымкенттіктер енді үйілген қалдықтарды қала сыртына өздері шығарудың амалын іздеп жатыр.

Жалпы, Шымкент көшелеріндегі қоқысты жинау «ЛТД-Тұрмыс», «ЭкоСпецтранс» пен «Шымкент.Спец.Комплекс» деген мекемелерге жүктелген. Барлығының қожайыны бір болған соң, қаладағы тазалық жұмыстары да бір мезетте тоқтапты. Бірақ коммуналшылар жанар-жағар май тапшылығынан тазалық жүрмегенін мойындап отыр. Ал дәл қазір «қала көшелері тап-таза» деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Енді алынып жатыр ғой. Дизель отыны жоқ болды. Қазір реттеліп, барлық машина шығып, бәрі орындалып жатыр. Абай ауданына 16, Әл Фарабиге 12 машина шығарып жатырмыз, - дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС директорының орынбасары Бауыржан Әмірбеков.

Ал әкімдік қалдықтарды әкетуге тиіс мекемелердің жұмысына тікелей араласа алмаймыз дейді. Себебі келісімшарт тұрғындар мен компаниялардың арасында ғана жасалған. Бірақ шенеуніктер тұрғындарға міндетін орындамаған мекемелердің қызметінен бас тартуға немесе соттасуға құқылы екенін ескертіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама