×

Ата-анасыз өскен депутат жетімдер үйінің «сырты бүтін, іші түтін» екенін жеткізді

Ауқатты кісілердің жетім балаларды қамқорлығына алатын жағдайы бар, тек оларға заңнамалық тұрғыдан мүмкіндік беру керек

 Еркеғали Болатұлы 03.09.2022 | 08:46

Жетімдер үйінен шыққандардың басты проблемасы – үй кезегі. Тіркеуде тұрған жеріңнен кетіп қалсаң, әкімдіктегілерге де керегі – осы, бірден кезектен шығарып тастайды. Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских «...Сұрауы бар» Youtube арнасындағы «Qazaq bol» бағдарламасына берген сұхбатында осылай деді.

Депутат мемлекет қарауындағы балалардың басындағы жағдайды бір кісідей жақсы біледі. Кезінде өзі де жетімдер үйіне түсіп, кейін қазақ отбасы бауырына басып алған.

«Мұрат әкем «жетімді ешқашан ұрма, саған дейін оны Құдайдың өзі ұрған» деп айтатын. 2004 жылы мен тәрбиеленген жетімдер үйінде 120 бала болса, қазір 20-25 балаға дейін азайды.

Жетімдердің басты проблемасы – үй кезегі. Мысалы, мен Қызылорда қаласында тұрамын дейік. Кезекте 50-орында тұрып қызмет, отбасылық жағдаймен Алматыға ауысып кетсем, кезектен түсіп қаламын. Біз ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға басқаша көзқараспен қарауымыз керек. Біз, депутаттар, жетім балалардың кезегін көшіп-қонғанына қарамастан өзгеріссіз қалдырса деген мәселені көтергенбіз. Бірақ әлі нәтиже жоқ, – дейді Геннадий Шиповских.

Депутат ол үндеуге Үкімет құлақ аспаса да, қайырымды жандардың көмегімен Қазақстандағы жетімдер үйін толық жабуға болар еді деп есептейді.

«Бүгінде елімізде көптеген ауқатты кісілердің жетім балаларды өздерінің қамқорлығына алатындай жағдайы бар. Сондықтан сол кісілерге көбірек заңнамалық тұрғыдан мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Жетімдер үйі – сөзбен жеткізе алмайтын қасірет. Оның үстіне «сырты бүтін, іші түтін» болып жатады», – дейді Геннадий Шиповских.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама