×

Шымкентте көпқабатты үйдің тұрғындары өрттің себебін әкімдіктің 2 жыл бұрынғы шешімінен көріп отыр

5 қабатты тұрғын үйдің 4 пәтерінен өрт шықты

Halyq Uni

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, төрт пәтерге тарады. 5 қабатты үйдің екінші және үшінші қабатында шыққан өрттен зардап шеккендер жоқ. Алайда тұрғындар дүние-мүлкінің түгел жанып кеткенін айтады. Ішінде мектепке қажетті жабдықтар мен киім-кешек те бар.

Оқиға 29 тамызда болған. Республика даңғылындағы үйде таңғы тоғызда шыққан. Дүние-мүлкі өртеніп кеткендердің бірі – Айгүл Жандарбекова. Әйелдің айтуынша, екі бөлмелі пәтерінен ештеңе қалмаған.

Жақында ғана сатып алған үлкен теледидар да жанып кетті. Тұрмыстық техникадан да түк қалмаған. Бәрін несиеге алған едім. Күйеуімнің де атында несие бар. Алтын бұйымдарымды ломбардқа өткізгенмін. Дүниемнің түгі қалмады. Мұның бәрін кім өтейтіні де белгісіз. Дәмханадан шыққан болуы мүмкін деп ол жерге де бардым. «Дәлелденбей тұрып бір тиын бермейміз» деп шығарып салды, - дейді әйел.

Тұрғындардың сөзінше, алдымен қатты дыбыс шығып, терезе маңынан түтін шыққан. Артынан көпқабатты үй өртеніп, тұрғындар өз бетінше өшіруге тырысқан. Олардың айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жарты сағаттан кейін келген.

Өрт үйдің сыртындағы қаптағыш кесірінен тұтанды. Мұның бәрін Шымкент мәдени астана болған кезде әкімдік жасаған. Ешкімнен рұқсат сұраған жоқ. Бұл тез жанатын зат екен. Егер бұрынғыдай бетон қалпында қалғанда жағдай басқаша өрбуші еді, - дейді өртенген үйдің тұрғыны Марина Севострова.

Тұрғындар от көпқабатты үйдің төменгі қабатындағы дәмханадан шыққанына сенімді.

Өрт салдарынан үйдің шатыры түгел өртенген. Әзірге оның қашан қалпына келтірілетіні белгісіз.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев барлық шара кінәлі анықталған соң жасалатынын айтты.

«Өрттің неден шыққаны анықталған соң үйдің шатыры жабылады. Әзірге өрттің қайдан шыққаны белгісіз. Тұрғындарға әлі ешқандай көмек көрсетілмеді. Ол жағын қарастырып жатырмыз. Өрттің шығуына кінәлі тұлға өтемасы төлеуі қажет», - дейді Марат Тәжібаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама