×

Павлодар облысында тұңғыш қазақ мектеп-лицейі ашылды

Білім ордасы Әлихан Бөкейханның атында аталады

 Дастан Жұмабекұлы 02.09.2022 | 10:11
фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Павлодар қаласында Әлихан Бөкейхан атындағы тұңғыш қазақ мектеп-лицейі ашылды.

Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады.

Мектеп-лицей қаланың «Сарыарқа» шағын ауданында орналасты. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қатысты.

Биыл облысымызда екі жаңа мектеп салынды. Соның ішінде осы мектептің орны бөлек. Себебі, ол қазақ лицейі болып жаңадан салынған Павлодар қаласындағы тұңғыш мектеп. 650 орынға арналған заманауи мектеп сапалы білім, өнегелі тәрбие беруге дайын, – деді Айзада Құрманова. 

Жаңа мектепке 164 бала 1-сыныпқа барды.  1-сыныптардан алты сынып жасақталса, мектепте барлығы 849 бала екі ауысымда білім алады. 
 

Мектептің директоры Ләйлә Жүсіпова ұстаздар құрамына білікті, тәжірибелі мұғалімдер көп жиналғанын атап өтті. 
Бүгін бөркімізді аспанға ататын күн. Қаламызда Әлихан Бөкейхан көсеміміздің есімі беріліп, мектеп-лицей ашылып жатыр. Оқушылар қабылдап болдық. Барлық сынып толық. Енді оқушылар көптеп қабылдай аламыз деп айта алмаймын. Одан бөлек, 68 мұғалімді конкурстық негізде қабылданды. Енді 1-2 ғана мұғалім керек. Бізге жақсы мұғалімдер келді. Арасында «зерттеуші» санатындағы мамандар өте көп, – деді Ләйлә Жүсіпова.

Бұл мектеп тек мемлекеттік тілде білім береді. Сондай-ақ «лицей» мәртебесіне байланысты жаратылыстану-математика бағытында тереңдетіліп оқытылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама