×

«20 күнде бітетін тірлік емес»: Жетісайда өртенген базар саудагерлері әкімдік уәдесіне сенбей отыр

Саудагерлер базарды қалпына келтіру жұмыстары 3-4 айға созыла ма деп алаңдап отыр

Halyq Uni

Түркістан облысы Жетісай қаласында өртенген базар жабық тұр. Нысан ішіне кіруге болмайды. Ал базарға қарама-қарсы жерде сауда жүріп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сауда орнында өрт сөндірілді, алайда нысанның ішіне кіруге болмайды.

Базар саудагерлерінің айтуынша, кейбірінің екі күн бұрын алып келген тауары түгел жанып кетті. Енді бірінің әкімдік ұсынысына көңілі толмай отыр.

«Осы базарда істеп жатқаныма 4 жыл болды. Жастарға арналған киім-кешек, жейде, шалбар, сырт киім сатамын. Мектеп басталатын уақыт жақындап қалды. Бұл маусымға 4-5 миллион теңге құйдық. Мектеп формасы да бар еді. Бәрін алып келдік, жартысын қолма-қол ақшаға, жартысын қарызға алдық. Ломбард пен несие тағы бар. Өртеніп, жанып кетті. Әкімдік базарды реттеп беруге 20 күн сұрап отыр. Бұл 20 күнде бітетін тірлік емес. Бәрі жанып кетті. Тазалаудың өзіне 20 күн кететін шығар», - дейді кәсіпкер.

Олар базарды қалпына келтіру жұмыстары 3-4 айға созыла ма деп алаңдайды.

«Кемі 2-3 ай болмай ашпайды. Ішім күйіп барады. Бала-шағаны осы базардағы жұмыспен асырап отырмыз. Шығынның 50 пайызын береміз деп отыр. Ол үшін қор құрады екен. Ол қорға қашан ақша салып, қашан бізге береді? Қашан біз жұмысқа шығамыз?», - дейді әйел.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 тамызында Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» базарының аумағында өрт шықты. Салдыранын ауданы 500 шаршы метр жеке тұрған бір қабатты ғимарат пен ауданы 400 шаршы метр жер өртенді.

Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға себептерін анықтау және өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін комиссия құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жетекшілік етеді.

Комиссия ең алдымен зардап шеккендердің саны мен материалдық шығынды есептейді.

Базардағы кәсіпкерлер қазір Жетісай ауданы әкімінің аппараты ғимаратына жиналды.

«Бізде айтылған сөз орындалған емес. Сондықтан айтып жатқан бір сөзіне де сенбейміз. Базарды қайта саламыз дейді. Базар сақтандырылмаған болып шықты, енді жекеменшік болады екен. Үкіметтен өтемақы төленбейді. Ең төменгі пайызбен кредит береді екен. Әзірге ешқандай көмек көріп жатқан жоқпыз. Қазір есеп бердім. 26 адамның шығыны 650 миллион теңге болды», - дейді кәсіпкерлердің бірі.

Жетісай ауданы әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, қазір базар ішін тазарту жұмыстарына назар аударылады.

«Базардың ішін бүгін тазалаймыз деп айттық. Себебі полиция мен тергеушілер келіп, сарапшылар келіп, тексеріп алсын деді. Ертең анықтау оңай болады. Сарапшылар бүгін кешке дейін жұмысты аяқтауға тырысамыз деп отыр», - дейді аудан әкімі.

Базарларды қалпына келтіру бойынша жұмыс басталып кетті. 100-ден аса жұмысшы, 10-нан аса техника жұмылдырылды. Қазір темір-терсек жинастырылып, базар аумағы тазаланып жатыр.

Содан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісайдағы өртенген базарға барып, сауда алаңдарын тезірек қалпына келтіру үшін тиісті тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама