×

Жаза мерзімі өзгеріссіз қалды: БҚО-да киік атқандарға бірқатар жеңілдік жасалды

11 азамат 7 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды

 Халық үні 25.08.2022 | 10:35
Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысында киік атқаны үшін сотталған 11 адамға қатысты сот үкімі өзгертілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Айта кетейік, 2020 жылдың тамызында киікті заңсыз ату, киік мүйізін сақтау, оны сату, тасымалдау бойынша БҚО Жаңақала ауданы Сарыкөл және Мәштексай ауылының 11 тұрғыны ұсталды. 2022 жылдың 29 наурызында  сот үкімі шығып, олар 7 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.

Содан кейін сотталғандардың отбасы сот үкіміне келіспей, істі қайта қарауды, әрқайсының көпбалалы әке екенін ескеріп, жеңілдік жасауды сұрады. 

Іс бойынша апелляциялық шағым 16 тамыздан бастап қаралды.

24 тамызда сот алқасы қаулыны оқыды. Соған сәйкес, 2022 жылдың 29 наурызы шыққан үкім өзгертілді.

Сотталушыларға берілген жаза мерзімі өзгеріссіз қалды. Алайда 11 азамат та жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтейтіні айтылды. Сондай-ақ сотталушылардың күзетпен ұстауда, үйқамақта болған кездегі 1 тәулік бас бостандығынан айыру жазасының екі күні ретінде есептеледі.

Бұрынғы үкімнің талап-арызға қатысты бөлігі жойылып, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының сотталғандардан материалдық шығын өндіру туралы талабы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беріледі.

Сондай-ақ сотталушылардан тәркіленген 2 автокөлікті мемлекет пайдасына тәркілеу туралы бұрынғы шешім өзгертіліп, көліктер иесіне қайтарылатын болды.

Сотталушы Сүндетовке тиесілі 895 мың теңгені тәркілеу туралы үкім бұл ақша қылмыстық жолмен табылғаны дәлелденбегендіктен сотталушының жұбайына қайтарылады.

Сотталушы Нұрлыбек Жангереевтен тәркіленген Niva көлігі иесіне қайтару жайлы шешім шықса, Аслан Сатқановтан тәркіленген Niva көлігіне салынған тыйым күшінде қалды.

Іс бойынша айғақ зат ТОЗ-34 аңшылық мылтық иесі Қасиет Сатқановқа қайтарылады. Еске сала кетсек, сотталушы ағайынды Аслан және Ақылжан Сатқановтың «Охотзоопром» мекемесінде қызмет атқарған немере ағасы Қасиет Сатқанов та осы іс бойынша тергеліп, дәлел болмағандықтан босатылды.

Сотталушы Жанарбек Максимовтың жұбайы Марал Қазиева Орал қаласындағы ауданаралық сот отырысында да, Жаңақала аудандық сот отырысында да күйеуіне қатысты ешқандай куәгер табылмағанын айтып, дәлел, айғақ болмаса да бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанына наразы екенін жеткізді.

«Қылмыс үстінде ұсталған жоқ, үйде ұйықтап жатқан жерінен тұтқындап алып кетті. Тінту кезінде айғақ, дәлел табылмады. Апелляциялық сотқа артқан үмітіміз аяқасты болды. Босатады деп сеніп келіп едім, мынадай болады деп ойлаған жоқпын. Жоғарғы сотқа арызданамыз. Сотталушылардың барлығы да көпбалалы әке. Бас бостандығынан айырылған 11 жігіттің 51 баласы бар. Бала-шағаларын кім асырайды?», - дейді Марал Қазиева.

Қаулы жарияланған сәттен бастап күшіне енді. Қаулыға қатысты наразылық болса, Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасында қайта қаралуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін сотталғандардың туыстары олардың көпбалалы әке екенін айтып, сот үкімін өзгертуін сұраған еді.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама