×

Баспана субсидиясына кімдер қатыса алады. «Отбасы банк» жиі қойылатын бес сұраққа жауап берді

Үкіметке арендалық баспананы субсидиялау мәселесін шешу үшін мамырға дейін уақыт берілді

 Айнұр Шошаева 09.02.2022 | 10:34
коллаж: Halyq Uni

2022 жылдың мамыр айында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады. Осыған орай «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін баспана арендасын субсидиялауға қатысты қазақстандықтар жиі қойып жатқан сұрақтарға жауап берді.

СУБСИДИЯ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕДІ?

Аталған төлем тұрғын үй жалдайтын жекелеген отбасыларға бюджет қаражаты есебінен өтеусіз негізде берілетін, өтемақы түріндегі мемлекеттік қолдау. Пәтердің ай сайынғы коммуналдық төлемдер бұл субсидияда қамтымайды.

Жеке меншіктегі тұрғын үйді жалдау ақысы тепе-теңдік негізде, яғни пәтер ақысының 50% - бюджет қаражаты есебінен, 50% жалға алушының өз есебінен төленеді.

Мәселен, мұқтаж отбасы пәтерді айына 120 мың теңгеге жалға алса, онда 60 мың теңгені өз қаражаты қалтасынан төлейді, ал қалған 60 мың теңге бюджет есебінен өтеледі.

«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау кезінде бұл төлемдер жүзеге асырылмайды, яғни сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды», деді Ляззат Ибрагимова.

СУБСИДИЯ НЕ ҮШІН БЕРІЛЕДІ?

Бұл бастама қазақстандық отбасыларды тұрғын үймен қамтуды көздейді. Соңғы үш жылда мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын 20 мыңға жуық отбасы бастапқы жарна түрінде 10% өз қаражатын қолданып, несиелік тұрғын үй алған.

«Қазақстан бойынша орташа құны 10 млн теңге деп есептесек, 50 млрд теңге қаражатқа жалға беру мақсатымен жылына 5 мың пәтер салуға болады. Жаңа жобп ай сайын орта есеппен 120 мың теңгеге баспана жалдап тұратын 70 мың отбасын қамтып, олардың жалдау ақысын 50% өтемақы арқылы жабуға мүмкіндік береді. Қамтылғандар саны 12 есе ұлғаяды», - деп қосты ол.

Бағдарлама әлі іске аспай жатып «Бөтен тұрғын үйді неге жалға алу керек, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй салуға рұқсат етілсін» деген пікірлер айтылып жатыр екен.

Жауабы қарапайым, жылына 50 млрд теңгеге ие бола отырып, белгілі бір қатаң шарттар шеңберінде таңдалған 5000 отбасыны немесе 70 мың отбасыны қамтуға болады. Таңдау әлбетте максималды қамту пайдасына жасалады, – дейді банк басшысы. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі банкке тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімін үш жұмыс күні ішінде жібереді. Айта кетейік, тұрғын үй кезегін әкімдіктер қалыптастырып, ол бірыңғай республикалық электрондық базасына енгізіледі.

СУБСИДИЯ КІМДЕРГЕ ТИЕСІЛІ?

Банк төрайымының айтуынша, субсидияға өтінішті төрт санат бойынша Бірыңғай республикалық электрондық базада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар бере алады. Олар: 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар және «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

Аталған санаттағылардың әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаждар есебінде болуын және тиісті мәртебесінің бар жоғы «Отбасы банк» АҚ мемлекеттік деректер базасымен бірігу арқылы айқындайды.

Өтініш берушіге қойылатын талаптар бар екен. Оның негізгісі отбасы табысының төмен болуы. Отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Яғни, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт.

Мысалы, жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгені құрайтын көпбалалы отбасыны алайық. Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын төлегеннен кейін, жан басына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең. Яғни бұл отбасы төлемдерді талап ете алады деген сөз, - деп қосты Ляззат Ибрагимова.

Тағы бір ескеретіні, отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу кезінде соңғы 6 айда алынған табысы ескеріледі және табыстың үш тобы қамтылады. Біріншіден, еңбекақы түрінде алынатын табыстар, атап айтқанда: еңбекке ақы төлеу жүйесіне сәйкес жалақының барлық түрлері, оның ішінде кесімді, мерзімдік, сондай-ақ сыйақылар, қосымша ақылар, үстемақылар, сондай-ақ ынталандырушы ақша түріндегі және өтемақы төлемдері. Олардың мөлшері БЖЗҚ-на аударымдар негізінде айқындалады. Екіншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті қоспағанда, зейнетақы төлемдері және әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын кірістер. Үшіншіден, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер салық декларациялары негізінде айқындалатын болады.

ӨТІНІШ НЕШЕ КҮН ҚАРАЛАДЫ?

ЭЦҚ арқылы электрондық өтініш бергеннен кейін «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін аз уақыт аралығында тексеріп, төлемді тағайындау немесе бас тарту туралы жауап ұсынады. Бұл ретте «Отбасы Банк» АҚ-ның ұсынылған құжаттарды қарау және тексеру мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды.

Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы Банк» АҚ платформасында жасалады және оған жалға алушы, яғни субсидия алушы мен жалға беруші қол қояды. Егер аренда келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылатын болса, жалға алушы «Отбасы банкіне» жүгініп, келісімшарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жолдай алады.

Егер өтініш берушінің отбасы мұқтаж топтардың төрт санатының ешқайсысына жатпаса немесе отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 36 018 теңгеден асып кетсе, субсидия берілмеуі мүмкін.

Сондай-ақ банктен мақұлдау алғаннан кейін өтініш берушінің мәртебесі төлемді алушыға ауыстырылады. Мақұлдау алынғаннан кейін «Отбасы Банк» АҚ төлемдерді тағайындап, оны жалға берушінің келісімшартта көрсетілген шотына аударады. Ескеретіні, бұл әрекет орындалуы үшін жалға алушы жалдау ақысының 50% арнайы ағымдағы шотта болуын қамтамасыз етуі қажет. Төлемдер жалдау шартының әрекет ету мерзімі ішінде ай сайын, қолма-қол ақшасыз аударылады.

Үйді жақын туыстары мен жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайлардан, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жақын туыстарынан жалға алуға болмайды, - деп ескертті Ибрагимова.

Жақын туыстарға: ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер, аталар, әжелер, немерелер жатады.

Сонымен бірге, бағдарлама операторы жалға берілетін тұрғын үйдің отбасының құрамына қарай төлем жасауға рұқсат етілген жалпы алаңдары бекітілді. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің саны 1-ден 3-ке дейін - 40 шаршы метрден артық емес, адам саны 4-тен 5-ке дейінгі отбасы үшін 60 шаршы метрден артық емес, ал 6 және одан көп мүшесі бар отбасы үшін баспана ауданы 80 шаршы метрден артық болмауы керек.

«Үлкен аумақты жалға алу кезінде, жалға берілетін тұрғын үйдің ауданына көрсетілген өлшемдердің 50% ғана төленеді. Төлемдер осы тармақта көрсетілген жалға берілетін тұрғын үйдің ауданы мен отбасының сандық құрамының өлшемдерін ескере отырып жүргізіледі», деп жазды банк басшысы.

СУБСИДИЯ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Банк төрайымының айтуынша, өтініш беруші жеке тұрғын үй қорынан жалға алып отырған баспананың 1 шаршы метрін жалдау ақысы АЕК-тің жылдық деңгейінің облыстар мен қалаларға белгіленген коэффицентіне байланысты есептеледі.

Тұрғын үйді жалға алудың 1 шаршы метрінің құны АЕК мөлшеріне байланысты жыл сайын қайта есептеледі және тиісті күнтізбелік жылдың қаңтарынан желтоқсанына дейін жарамды. Жалдау ақысының жоспарлы мөлшері аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты, - делінген Ляззат Ибрагимованың жазбасында.

Бүгінде банк 2022 жылға жоспарланған жалдау ақысының максималды төлемдерін есептеді. Қазір «Отбасы банк» бағдарлама ережесінің бекітілуін күтіп отыр. Сондай ақ өтініштерді қабылдайтын онлайн платформа жұмысын пысықтау үстінде.

Еске сала кетейік, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлық платформаны әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Аталған жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама