×

«Арман қалаға сапар»: оқушыларға арналған арнайы жоба қорытындыланды

«Altyn Qyran Foundation» бұл жобаны 10 жылдан бері жүзеге асырып келеді

 Халық үні 24.08.2022 | 16:08
«Altyn Qyran Foundation» қоры

«Altyn Qyran Foundation» қоры ауыл оқушыларына арналған «Арман қалаға сапар» жобасын қорытындылады. Бұл жоба 10 жылдан бері жүзеге асып келеді. Биыл оқушылар 4 күн бойы елорданың әсем жерлерін аралап, бірқатар азаматпен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін «Altyn Qyran Foundation» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов «Арман қалаға сапар» жобасы аясында 4 күндік қызық бағдарлама дайындалғанын жазды. Соған сәйкес, балалар қалаға саяхатты астана символы – Бәйтерек монументін тамашалаудан бастады.

Содан кейін оқушылар елорданың әйгілі Red Bus туристік автобусымен қаланың көрікті жерлерін аралады. Ailand ойын-сауық орталығы, Есіл өзенінің жағасы, Хан Шатыр, «Мәңгілік Ел» қақпасы, ЭКСПО мен Ұлттық музейге барды.

Саяхат кезінде оқушылар Нұр-Сұлтан қаласынан алған әсерін бөлісіп, осы саяхатқа қалай дайындалғандарын айтып берді. Түстен кейін қаланың жас меймандары ЭКСПО қалашығына арнайы барып, «Нұр-Әлем» музейін тамашалап, ғимараттың сегіз қабатын толық аралап шықты. Болашақтың қуат көзі туралы экскурсия оқушыларға ерекше қызық болған сыңайлы. Олар мамандарға өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды, - деп хабарлады қоғамдық қор.

Оқушылар «Ұлы Дала Таңы» тарихи көркем фильмінде Қасым ханның жастық шағын сомдаған Данияр Оразаевпен кездесті.

Шеберлік сағаты барысында балалар кино қаһармандарының рөлін сомдап, Қобыланды батыр жыры мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінен үзінді оқыды.

«Арман қалаға сапар» жобасының екінші күні «Ailand» океанариумындағы экскурсиядан басталды. Сирек кездесетін балықтар мен акулалардың сан түрі бар Орталық Азия елдері үшін ерекше океанариумға барып, фото мен видеоға түсті.

«Қонақтар «Джунгли» аниматроникс театрына барды, астананы биіктен тамашалады, одан әрі «Атамекен» этно-мемориалды кешенін аралады. Түстен кейін жас меймандар Есілдің бойымен кемеде серуендеді», - делінген ақпаратта.

Сол күні оқушылар «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловпен интерактивті кездесу өткізді. Кездесу барысында адал қоғам қағидаттары мен жетістікке жетудің талаптары туралы әңгіме қозғалды. Одан бөлек, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.

Жобаның соңғы күнінде жас қонақтар мәдени-танымдық шараларға қатысты.

Бұл күні балалар Nazarbayev University мен физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне барды. Онда жас қонақтарға арнап университет пен мектеп бойынша экскурсия өткізіліп, жатақхана, лабораториялар мен оқу сыныптары көрсетілді.

Балалар осы оқу мекемелеріне қалай түсуге болатыны туралы сұрақтар қойды.

Заманауи білім беру стандарттары туралы интерактивті әңгіме оларды үйлеріне оралған соң сапалы білім алуға, өзін-өзі жетілдіруге құлшындырады деп сенеміз, - деді «Altyn Qyran Foundation» қоры.

Одан кейін меймандар Ұлттық мұражай мен Тұңғыш президент мұражайына барды. Бұл мәдениет пен тарих ордаларында балалар сан алуан сирек және құнды экспонаттарды тамашалап, Қазақстан тарихының ғана емес, дүние жүзі тарихының қатпарларына үңілді.

Мазмұнды әрі қызықты бағдарлама елорданың көрнекті IMAX кинотеатрында аяқталды. Жас қонақтарға комедия жанрында түсірілген қазақстандық фильм көрсетілді.

Қоштасар сәтте осы сапардан естелік ретінде әрқайсына сый-сыяпат ретінде екі кітап ұсынылды. Оның бірі – Анджела Дакуорттың «Табандылық» атты кітабы. Ұйымдастырушылар осы күндері спикерлер қайта-қайта айтқан мақсатқа жету жолында талмай еңбек ету, табандылық таныту, адал болу сияқты қасиеттерді бойларына сіңіруге көмектеседі деп үміттенетінін жеткізді. «Altyn Qyran Foundation» былтыр осы әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударып, баспадан шығаруға демеуші болды.

Енді бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» бестселлерінің «Мақсатқа барар жолда» атты екінші кітабы. Бұл кітап нақты өмірден алынған оқиғаларға негізделіп жазылған, оған ауылда туып-өсіп, қарапайым отбасыдан шыққан баланың үлкен арман қуып, өз мақсатына жету жолындағы шынайы тәжірибесі арқау болған. Кітап балаларға өте ұғынықты әрі жеңіл тілде жазылған. Ең бастысы, табысты болудың талаптары туралы айтып қана қоймай, ел үшін еңбек етудің маңыздылығын ашып көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама