Атыраудағы үш адамның өлімі: басты сот отырысы қашан өтеді

Айнұр Асылбекқызы

Күдіктігі қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды

Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында 3 адамды атып өлтірген адамға қатысты басты сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Атырау облысы сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктіге қатысты басты сот отырысы 5 қыркүйекте сағат 15:00-де өтеді.

«Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының іс жүргізуіне сотқа берілген Б.Қараға қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі («қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу»), 99-бабының 2-бөлігінің 1, 6-тармақтары («адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс түсті. Басты сот отырысы 2022 жылдың 5 қыркүйегі сағат 15:00-де өтеді», - делінген облыстық сот таратқан ақпаратта.

ҮШ АДАМНЫҢ ӨЛІМІ

Атырауда 15 наурызда сағат 22:30 шамасында «Авангард» ықшам ауданында атыс болды. Оқиға салдарынан 1995 және 1999 жылы туған үш жігіт қаза тауып, тағы біреуі жараланған.

Содан кейін үш адамды атып өлтірді деген күдікпен 1993 жылы туған Маңғыстау облысының тумасы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға жеке бас араздығы салдарынан болған.

Оқиғаға байланысты учаскелік полиция инспекторы үш жылға бас бостандығынан айырылды. Қалалық №2 соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, учаскелік полиция инспекторы қызметтік міндеттерін адал атқармай, қару сақтау дерегі жөнінде хабарламасына немқұрайлы қарап, әрекет етпеген.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы («қызметтегі әрекетсіздік») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Прокурор сотталушыны өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан және арнайы атағынан айырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Атырау қалалық №2 соты оған қатысты үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айырылды.