×

Елімізде 300 мыңнан аса оқушыға қаржылай көмек көрсетілді

Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысатын

 Динара Амантай 22.08.2022 | 14:56
Фото: aikyn.kz

Қазақстанда 300 мыңнан аса оқушы мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан қаржылай көмек алды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бұл қаржылай көмек 475 мың балаға көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрі білім басқармаларының басшыларымен кездесуде төлемдерді 23 тамызға дейін аяқтау туралы тапсырма берді.

Енді ата-аналар өздерінің банктегі шотына ақшаны тікелей алып, балаларына мектеп формасын, кеңсе тауарларын және аяқ киімін өз бетінше таңдай алады. Мұның артықшылығы - бала ата-анасымен бірге таңдаған киіммен мектепке бара алуында. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысатын. Кейде киімнің өлшеміне, сапасына қатысты проблемалар туындайтын. Қазір әкімдіктер қаражат аударуды аяқтап жатыр. 37 389 теңге – ең төменгі сома. Жергілікті атқарушы органдар көрсетілген көмек көлемін көбейте алады, бірақ оны азайтуға құқығы жоқ. Кейбір әкімдіктер бұл сомадан артық қаржы бөліп жатыр, мысалы, Алматы 43 мың теңгеден. Біз мұны тек құп көреміз, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Еске сала кетсек, «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және т.б. көмек көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама