Облыста биыл 1-сыныпқа 17 561 бала қабылданды, оның жартысына жуығы орыс тілінде оқиды
Қарағанды облысында 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа 17 мыңнан аса оқушы барады. Ата-аналардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алатын сыныпты таңдаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс білім басқармасының хабарлауынша, биыл 1-сыныпқа 17 561 бала қабылданады. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін мектепке 9 304 бала қабылданды, 8 257 бала орыс тілінде білім алады. Басқарма оқушыларды мектепке қабылдау әлі де жалғасып жатқанын хабарлап, өзгеріс болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазақ сыныбына қабылданған балалар арасында ұлты қазақ емес 19 оқушы бар. Ұлт құрамына келсек, 3 орыс, 4 татар, 4 өзбек, 3 қырғыз, 3 башқұрт және әзербайжан және шешен ұлтының бір өкілінен бар, - делінген Қарағанды облысы білім басқармасының Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ өңірде 2-11 сыныпта ұлты қазақ емес 624 оқушы қазақ сыныбында оқиды. Оның ішінде орыс – 231, корей – 21, неміс – 22, украин – 19, белорус – 11, татар – 60, қырғыз – 27, өзбек – 66, ұйғыр – 19, түрікмен – 1, әзербайжан – 13, шешен – 11, грузин – 1, тәжік – 8, башқұрт – 12, дүнген – 38, моңғол – 2, ингуш – 2, армян – 1, мари – 2, мордва – 1, қытай – 2, чуваш – 8, лезгин – 1, итальян – 1, болгар – 1, түрік – 9, авар – 1, араб – 3, қарақалпақ – 15, қалмақ – 3, 6 ауған және 6 күрд бар.
Білім басқармасының хабарлауынша, облыстағы тек орыс тілінде білім беретін мектептің 1-сыныбында 2 442 қазақ баласы білім алады.
Қарағанды облысында 2-11 сынып аралығында тек орыс тілінде білім беретін мектептерде 22 610 қазақ баласы білім алып жатыр, - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында орыс тілінде білім беретін 8 мектеп бар екені, биыл бұл мектептердің 1-сыныбына ұлты қазақ 114 бала баратыны хабарланды. Сондай-ақ орыс тілінде білім беретін мектепте 8 471 оқушы оқиды, оның ішінде 2 203 оқушының ұлты қазақ.
Ал Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында орыс тілінде білім беретін екі мектеп бар. Бұл мектептің 1-сыныбына баратын оқушылардың арасында 24 қазақ бала бар. Осы екі мектепте 2-11(12) сынып аралығында 244 қазақ бала орыс тілінде білім алады.
Шығыс Қазақстан облысында орыс тілінде білім беретін мектептердің 1-сыныбына ұлты қазақ 967 бала барады. Орыс тілінде білім беретін мектептердің 1-11 сыныптарында ұлты қазақ 8 713 оқушы оқиды.