Halyq Uni логотип
×

Әлібек Қалбайдың жұмбақ өлімі: сот отырысы қашан басталатыны белгілі болды

Сарбаздың өліміне қатысы бар күдікті қамауда отыр

 Айнұр Асылбекқызы 22.08.2022 | 11:06
Әлібек Қалбайдың жұмбақ өлімі: сот отырысы қашан басталатыны белгілі болды
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында қайтыс болған сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, 2022 жылдың 22 сәуірінде Қордай ауданындағы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімге шақырылған 18 жастағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай қайтыс болды.

Сарбаз таңертең сапта тұрғанда кенеттен есінен танып қалған. Есін жимастан Отардағы әскери ауруханада көз жұмған. Оның өліміне қатысты күдікті деп танылған 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.

Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша («Адам өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу») іс қозғалған.

Екі сарбаз да әскерге 13 сәуірде шақырылған және олар әскери ант қабылдап та үлгермеген. Әскери бөлімге 18 сәуір күні жеткен.

Сот ісіне судья Қанат Естай төрағалық етеді. Айболат Аманжоловтың құқығын адвокат Сержан Пралиев қорғайды. Күдікті Аманжоловтың ата-анасы сот отырысына қатысу үшін Алматыға Атыраудан баруды жоспарлап отыр.

Бұған дейін шілденің аяғында әскери прокуратура Қалбайдың өліміне қатысты тергеу аяқталғанын, сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің кінәсін дәлелдейтін материал толық жиналғанын хабарлады.

Айта кетейік, Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты мемлекет басшысы да пікір білдірді. Президент сарбаздың туыстарына көңіл айтып, бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс екенін мәлімдеді. 

Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті, – делінген президенттің көңіл айту хатында.

Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.

Бұл оқиғаға байланысты Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Борамбаев марқұмның денесінде жарақат ізі жоқ екенін мәлімдеді.

«Оқиға орнын қарау барысында құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы бойынша, сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізген кезде қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын айта кеткен жөн», – деді ол.

Оның айтуынша, егер қандай да бір заңға қайшы әрекеттер расталса, онда кінәлі адамдар ғана емес, сонымен қатар осы жағдайға жол берген командирлер де жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама