×

СІМ Лаоста құлдыққа түскен қазақстандыққа қатысты ақпарат таратты

Әнел Бермағанбетованың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, құжаттары мен жеке заттары өзінде

 Халық үні 21.08.2022 | 16:10
фото: Instagram

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Лаостағы құлдыққа түскенін хабарлаған қазақстандықтың жағдайы туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін қазақстандық Әнел Бермағанбетова әлеуметтік желіде жазба жариялап, Лаостағы үйлердің бірінде төрт күннен бері қамалып отырғанын жазды. Айтуынша, оны шетелге жақсы жұмысқа шақырған, алайда құлдыққа салмақ болған.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 19 тамызда Бермағанбетова консулмен байланысқа шығып, өзінің жағдайы туралы хабарлаған. Қазақстанның Ханойдағы Елшілігі Лаостың сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдаған.

Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаостың СІМ және ІІМ өкілдерімен тиісті келіссөздер өтеді, – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қазір қазақстандықтың қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол дипломаттар және өз туыстарымен үнемі байланыста. Өзі құжаттары мен телефоны қолында екенін, телефон мен интернет байланысын шектелмегенін хабарлаған. Сондай-ақ оған күш қолданбаған. 

Таиландқа және одан әрі маршрут бойынша ол өз еркімен барған. Сондай-ақ, оның айтуынша, егер жұмыс берушілер оның ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсаған қаржысын өтесе, оны жіберуге дайын. Бұл мәселе біздің Вьетнамдағы елшілігіміздің ерекше бақылауында. СІМ және Вьетнамдағы Қазақстан Елшілігі отандасымыздың елге оралуына қажетті көмек көрсетеді, – деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ сыртқы істер министрлігі азаматтардан шетелде жұмыс істеу үшін құжаттар мен келісімшарттарға қол қою кезінде және шетелге шыққанға дейін құжатты мұқият зерделеуді, сондай-ақ күтпеген жағдай туындауын болдырмау үшін жұмыс берушілерді тексеру қажет екенін еске салды.

Айта кетейік, Қызылорда облысы полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабының 1-бөлігі («адам ұрлаумен байланысты емес заңсыз бас бостандығынан айыру») бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама