×

Көшедегі «еріктілер» ақша жинауға науқастардың суретін рұқсатсыз пайдаланып жүр

Оларды жәбірленушіден арыз түссе ғана тексере алатындарын айтқан полицейлер сол жәберленушілердің бірінің шағымын «қылмыстық құрам жоқ» деп тоқтатып тастаған

 Еркеғали Болатұлы 19.08.2022 | 11:29
фото: ашық дереккөз

Біреулер көшеде елорда тұрғыны Әнел Жұмабаеваның орталық жүйке жүйесі мен микроцефалияның туабітті ақауларынан зардап шегетін қызы Айнамның суретін пайдаланып, ақша жинаған. Бірақ олар науқастың атынан ешқандай қор ашпаған деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Қызының «еміне» ақша жинап жүргендерді кездейсоқ көріп қалған Әнел Жұмабаева шалқасынан түсіпті. Айтуынша, саябақта отырған оған бір жасөспірім келіп, Айнамның суретін көрсетіп, оны емдеу үшін қаражат жинап жүргенін айтқан.

Волонтер келіп, маған қызымның атын айтқан кезде қатты таңқалдым. Ешкімге ештеңе рұқсат етілмеген болатын. Бірақ олар әлеуметтік желілерде балаларды емдеуге ақша жинау туралы хабарландырулар тауып, түпнұсқалығын дәлелдеу үшін туыстары орналастырған фотосуреттер мен құжаттарды басып шығарған. Бірақ реквизиттің нөмірін сұрағанымда Нұрсұлтан деген жігіттің нөмірі шықты, - дейді Әнел Жұмабаева.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан есімді жігіт бұған дейін анасына хабарласып, «біз еркін еріктілерміз, қызыңызға көмектесе аламыз» деген. Бірақ ол рұқсат бермесе де «еріктілер» еркін іске кіріскен. Бұдан кейін Әнел Жұмабаева құзырлы органдарға жүгініпті.

Кешкі 8-ден 01:00-ге дейін Есіл аудандық полиция бөлімшесінде жүрдік. Ешкім бізден арызды қабылдағысы келмеді. Бірақ шу шығарғаннан соң ғана тергеуші арызымызды қабылдады. Оның өзінде қоғамдық орында орынсыз мазалағандары үшін деп қайырды. Бірақ бұл жерде менің қызымның суретін пайдаланғаны үшін деп жазып берген болатынмын, - дейді Әнел Жұмабаева.

Содан кейін тілшілер осы мәселе бойынша Нұрсұлтан есімді жігітке телефон соққан. Бірақ ол «қайда шағымдансаңдар да бәрібір» деп сөйлесуден бас тартыпты. Ал жұмыс іздеген «ерікті» ретінде хабарласқанда, басқа бір адамның байланыс нөмірін бере қойған.

Ертең 11:00-де саябаққа келіңіз. Сол жерде сізге қолыңызға арнайы құжат пен тәттілерді береміз. 15 тәттіні сатсаңыз, 5 мың мың теңге. Қазір біз бір отбасыға көмек көрсетіп жатырмыз. Тәттіден түскен қаржыны сол отбасына береміз, - деген «волонтер».

Олар «тәттіден түскен қаражатты отбасына береміз» деген екінші «құрбандары» да бұдан бейхабар болып шықты. «Бұған дейін Роман есімді жігіт хабарласқан, бірақ біз келісім бермегенбіз» дейді науқас баланың әкесі. Заңгер Жандос Тұяқов еріктілердің бұл әрекетінің заңсыз екенін ескертті. Жиналған қаражаттың кімнің қалтасына кетіп жатқаны да белгісіз. Жәбірленуші тарап арыз жазбаған соң, екінші тарап жазаға тартылмайтынын біліп, жалған кәсібін ары қарай дөңгелете береді дейді заңгер.

Қылмыстық іс жәбірленуші арыз жазғаннан кейін бір-ақ қозғалады. Сол себепті, жалған қайырымдылықты мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру керек деген бапты енгізу қажеттілігі туындап тұр, - дейді Жандос Тұяқов.

Бүгінде өздерін «еріктіміз» деп таныстыратындар қала көшелері мен саябақтарда толып жүр. Құзырлы орган оларды жәбірленушіден арыз түссе ғана тексеретіндерін алға тартты. Алайда олар сол жәберленушілердің бірі Әнел Жұмабаеваның шағымын «қылмыстық құрам жоқ» деп тоқтатып тастаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама