×

Мәдина Аман - күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері

Ол алғашқы медальге ие болды

 Дастан Жұмабекұлы 19.08.2022 | 09:54
фото: МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Болгарияның астанасы София қаласында күрес түрлерінен жастар арасында (U20) өтіп жатқан әлем чемпионатында қыздар арасында белдесулер өтіп, 59 килода сынға түскен Мәдина Аман қола жүлде үшін болған таласта поляк қызы Александра Витосты 4:1 есебімен ұтып, әйелдер күресінен ел қоржынына алғашқы жүлде салды.

Бұл салмақта Мәдинаны финалға шығармаған венгр Вивтория Боршосты 4:0 есебімен ұтқан жапон қызы Сакура Мотоки әлем чемпионы атанды. Тағы бір қола медальге түрік қызы Эбру Дагбаси ие болды.

Ендігі үміт финалға шыққан екі қызда.  53 килода Алтын Шағаева жартылай финалда Египеттің өкілі Шайма Атеф Баракатты 7:1 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Енді Алтын үнді Антим Антиммен әлем чемпионатының алтын жүлдесін сарапқа салады. Сонымен қатар 72 килода белдескен Анастасия Панасович жартылай финалда жапон қызы Сумире Никурадан 8:6 есебімен айласын асырып, финалға шықты. Ол АҚШ өкілі Амит Элормен бас жүлдеге таласады.

Бұдан басқа 57 килода сынға түскен Зейнеп Баянова жартылай финалда ұтылып, қола жүлдеге таласатын болды. Оның қарсыласы Канада мен Украин қыздары жұбының жеңімпазы. Тағы бір қызымыз Тыныс Дүбек егер жұбаныш белдесуінде АҚШ балуаны Диана Нвачуквуды ұтқан жағдайда қола жүлде үшін қырғыз қызы Бермет Нуридинқызымен белдеседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама