×

«Әділдікті талап ет!»: Қазақстандағы автожолдарға қатысты ауқымды жоба басталды

Акцияға Қазақстанның кез-келген азаматы қатыса алады

 Халық үні 16.08.2022 | 09:25
фото: Halyq Uni

Биыл 17 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласындағы жемқорлық фактісінің тым жоғары екенін атап өтіп, елдегі жол құрылысы бойынша соңғы 10 жылдағы жіберілген олқылықты мұқият тексеруді тапсырды.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын қолдай отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп, 15 тамызда республика бойынша автожолдары саласында «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқан бастады. Оған Қазақстанның кез-келген азаматы қатыса алады. 

«Әділдік жолы» РҚБ айналада болып жатқан жағдайға бей-жай қарай алмайтын барлық азаматты аталмыш науқанға қосылып, белсенділік танытуға шақырды.

Науқан барысында автожол саласы мәселелері қозғалып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жемқорлық тәуекелдерін анықтауға баса назар аударылады.

«Мемлекет автожол саласына үлкен қаражат бөлетініне қарамастан, өкінішке орай, ол үнемі қоғам тарапынан сынға ұшырауда. Сапасыз жолдардың салдарынан көлік апаты жиі болады.

Биыл республика бойынша 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз», - дейді акцияны ұйымдастырушылар. 

Азаматтар науқанға www.adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама