×

ХҚКО қызметкерлері мүгедектігі бар адамдардың құқығын бұзған

500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтардан негізсіз салық алынған

 Динара Амантай 16.08.2022 | 09:29
Фото: zhaikpress.kz

Ақмола облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі адамдардан паспорттар мен жеке куәліктер бергені үшін мемлекеттік баждарды негізсіз алып отырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдау барысында 500-ден астам мүгедек азаматтардың құқықтарының бұзылғаны анықталды. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес аталған тұлғалар құжаттандыру қызметтері үшін мемлекеттік баж төлеуден босатылған.

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесі көтерілді. Қазір полиция органдарымен бірлесіп төленген мемлекеттік баждарды қайтару бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, – делінген хабарламада.

Талап етілген баждардың жалпы сомасы 1 345 000 теңгені құрады.

Бұдан әрі осындай негізсіз мемлекеттік баж алуды болдырмау үшін Департамент ақпараттық жүйелерді сапалы интеграциялауды жүргізу, сондай-ақ, белгілі бір санаттағы тұлғаларға және басқа да салаларда жеңілдіктер беруге қатысты қолданыстағы заңнаманы зерделеу қажеттігін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама