×

Қарағанды облысында мектепті мұғалімдер жөндеп жүр – білім басқармасының жауабы

Мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізген мұғалімдер шағымданды

 Динара Амантай 15.08.2022 | 16:12
Коллаж: Halyq Uni

Әлеуметтік желіде мұғалімдердің мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Мұндай жағдай Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы мектептің бірінде болған. Әлеуметтік желі қолданушысы Құралай Айтжанова мектеп ішінен фото жариялап, Күләш Байсейітова атындағы мектептің директоры мұғалімдерге ақша жинатқанын жазды. Ол жерде мұғалімдер кабинет ішіне жөндеу жұмыстарын өздері жүргізіп жатқаны да айтылған. 

Күләш Байсейітова мектебі «мұғалімдерге өз қалтаңнан ақша шығарып, кабинетке ремонт жасаңдар» деп қоқан-лоқы көрсетіп жатыр немесе жұмыстан шығасың дейді. Бұл не сұмдық? Жыл сайын мектепке бөлінбей ме?, – деп жазылған хатта.

Байсейітова атындағы мектептің әкімшілігі биыл мектепте жөндеу жұмыстары толық жүргізілгенін айтып, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

«Бұл мәселе бойынша мектеп директоры, мектеп әкімшілігі, мектеп ұжымы желіде жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Биыл мектепте жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. Біз кабинетімізде оқушыларды қабылдауға дайындалып жатырмыз. Оқушыларды ыстық ықыласпен қарсы алғымыз келеді. Әр мұғалім, әр кабинет жетекшісі жаңа оқу жылында оқушыларды таза, жарық, көрнекілік құралдармен безендірілген кабинетте қарсы алу – заңдылық деп түсінеміз. Мектеп – бәсекеге қабілетті білім ұяларының бірі. Біздің ізгі ниетімізді, әлеуметтік желіде бұрыс көрсетіп отыр. Мектепте мұндай мәселе болмады», – деп мәлімдеді мектеп әкімшілігі.

Бұған қоса мектеп әкімшілігі желідегі сурет 14 тамыз, яғни демалыс күні түсірілгенін айтып, бұл күні мектепте тек күзетші ғана жұмыс істейтінін алға тартты. Сондай-ақ Қарағанды облысының білім сапасын қамтамасыз ету департаменті желідегі ақпаратқа қатысты тексеру жүргізді.

«Ақтоғай ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысы комиссия мүшелерімен бірге «Байсейітова атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық)» коммуналдық мемлекеттік мекеменің 2022-2023 жаңа оқу жылына дайындығы тексерді. Мектеп ұжымы, педагогтермен кездесуде әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтер расталмады. Тексеру барысында 2022-2023 оқу жылына мектеп кабинеттері дайын, ағымдағы жұмыстардың аяқталғанын анықталды», – деп хабарлады Қарағанды облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама