×

Әкімдіктердің білім грантына құжат қабылдау жүріп жатыр

Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі

 Халық үні 13.08.2022 | 21:33
фото: almaty.tv

Жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттарына құжат қабылдау жүріп жатыр. Өтініштерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары қарайды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, әкімдіктердің гранттары конкурстық негізде тағайындалады және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын талапкерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл жергілікті атқарушы органдар 3 мыңға жуық грант бөлген. Негізінен, әкімдіктерге педагогтер, медицина қызметкерлері және ауыл шаруашылығы саласының мамандары қажет.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі педагогикалық және медициналық мамандықтар үшін 1200-ге жуық грант бөлді. Шығыс Қазақстан облысы Абай облысымен бірлесіп, 450 грант, Ақмола облысы 229 грант тағайындады. Қостанай облысының әкімдігі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде оқуға 15 грант бөлді. Өнер саласының мамандарын даярлауға тек Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі грант бөліп отыр, олар жергілікті бюджет есебінен 15 маман оқытуға дайын, - делінген хабрламада.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері биыл бакалавриатта мамандарды оқытуға тапсырыс бермеген. Алматы қаласы және Павлодар облысының әкімдіктері өңірдің жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар мамандарды даярлауға қажеттілігін ескере отырып, облыстық бюджет қаражатынан тек магистратура мен резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша гранттар бөледі.

Грантты тағайындау туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі, -деп көрсетілген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама