×

Қостанайдағы 5 жастағы қыздың өлімінің алдын ала себебі анықталды

Әзірге қыздың қашан қайтыс болғаны белгісіз 

 Халық үні 11.08.2022 | 01:01
фото: ашық дереккөзден

Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жастағы қыздың денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша ол су толы жыраға құлап шыға алмай тұншығып қалған.

Полицияның хабарлауынша, іздеушілер су бетінде қалқып жүрген баланың денесін дронмен қарау кезінде көрген. Бұл Тобыл өзенінің аңғары, бала жоғалған Жамбыл ауылынан үш шақырымдай қашықта. Баланың нақты қашан жан тапсырғаны әзірге беймәлім. Мұның бәрі арнайы сараптамадан соң белгілі болмақ.

Бүкіл облыс, республика тұрғындары, полиция қызметкерлері атынан баланың туған туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Іздеуге қатысқан барлық азаматтар, әскери қызметшілер асқан ұйымшылдық танытты. Біз соңына дейін Мәдина аман есен табылады деп үміттендік. Өкінішке қарай бәрі қайғылы аяқталды, деді облыстық ПД бастығы Ерлан Омарбеков. 

Бұған дейін 5 жасар Мәдинаның аутизм дертіне шалдыққаны, сөйлемейтіні, бөтен адамдардан қорқып, өзін іздеушілерден тығылып жүруі мүмкін екендігі айтылған. Осындай факторлар жағдайды қиындатты. Баланы үш тәулік бойы ұшақ, тікұшақ, дрондармен көктен де, жерден де іздеді. Еріктілер, полиция, әскерилер, тіпті қауіпсіздік қызметі де жұмылған.

Іздеу аумағы мың гектар алқапты қамтыды. Іздеушілер саны орташа есеппен 2 мың адамнан асты. Бірақ өкінішке қарай осынша жанкешті әрекеттің бәрі кішкентай Мәдинаның жанын сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама