×

«Қарсыласқан жоқ»: Оралда кәсіпкерді өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қылмысқа қатысы бар 31 және 21 жастағы екі күдікті ұсталды

 Халық үні 08.08.2022 | 13:52
фото: БҚО полиция департаменті

Орал қаласында кәсіпкерді өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Кәсіпкердің бірнеше жерінен пышақ сұққан, ол жарақат салдарынан жедел жәрдем келгенше сол жерде көз жұмды. Осы қылмыс жасалған сәттен бастап Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құрамы түгел жұмылдырылып, күдіктілерді құрықтау үшін кең көлемде іздестіру жұмыстары жүргізілді. Жақын жерде орналасқан барлық бау-бақша, саяжай тексерілді. 2022 жылдың 8 тамызы сағат 10:30 шамасында Орал қаласы Көктем саяжайында осы қылмысты жасаған күдіктілер – 1991 жылы туған және 2001 жылы туған екі азамат құрықталып, полиция департаментіне жеткізілді, – деді Жанболат Жаншин.

Оның айтуынша, аталған қылмыс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігіне («Адам өлтіру») бойынша қайта сараланды. Бұл бап бойынша 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс Ішкі істер министрінің бақылауына алынған. Қылмыс болған жердегі барлық видеокамераны қарап, сараптама жасалды. Қылмыскерлердің қай жаққа кеткені түсінікті болды. Қызметкерлердің көпшілігі олар барған саяжайға жұмылдырылды. Күдіктілер қызметкерлерді көрген кезде қашты, алайда қарсылық көрсеткен жоқ», - деді ол.

Айта кетейік, 2022 жылдың 6 тамызында сағат 19.55 шамасында Махамбет көшесіндегі ғимаратта кәсіпкер кісі қолынан қайтыс болды. Аса ауыр қылмыс жасаған 1991 жылы туған Руслан Қожантаев пен 2001 жылы туған Тұрлан Амангелдіге іздеу жарияланды. Бақылау камераларына олардың кафе ішінде кәсіпкерді өлтірген сәті, көшеге қашып шыққаны түсіп қалған. Видео әлеуметтік желіде тарады.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама