×

Теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тарихи әлем чемпионатында 4-орын алды

Чехияның Простеев қаласында теннистен 14 жасқа дейінгілер арасында мәреге жеткен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үздік төрттікке ілікті

 Халық үні 07.08.2022 | 11:25
Фото: ҚТФ баспасөз қызметі

Қазақстандық жасөспірімдер мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әлемдегі үздік құрамалармен терезесі тең өнер көрсетті.

Топтық бәсекеде әлем чемпиондары - Италия құрамасын жолдан тайдырып, ширек финалға шықты. Өкінішке қарай, қола жүлде үшін матчта қазақстандық жасөспірімдер әлемнің екі мәрте экс-чемпионы - АҚШ құрамасына жол берді.

Бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай Джек Кеннедиге есе жіберді - 3:6, 3:6. Содан кейін Заңғар Нұрланұлы Китон Хансені 6:3, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Жұптық сында Даниэль Тазабеков пен Дамир Жалғасбай Кеннеди - Ханседен ұтылды - 4:6, 3:6.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (капитаны Сергей Квак) төртінші орынға табан тіреді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама