×

«Манас үшін қарыздармыз». Мұхтар Әуезовтің бюстін жасаған қырғыз мүсіншісі ұсынысын айтты

Мұхтар Әуезовтің бюстін жасауға екі ай уақыт кеткен

 Айнұр Шошаева 02.02.2022 | 14:56
фото: Halyq Uni

Қырғыздың белгілі мүсіншісі Тамила Маматова Мұхтар Әуезовтің бюстін жасады. Жазушының мүсінін ақпан айының соңында Ыстықкөлде орнату жоспарланған. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне туынды авторы айтып берді.

«Қазір мен қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің бюстін жасап жатырмын. Біз Әуезовті ұлы жазушы ретінде, сондай ақ біздің батырымыз - Манас туралы эпостың сақтаушы ретінде білеміз. Өткен жылы жазушының шығармасымен таныса бастадым. Әсіресе, оның «Абай жолы» романы ерекше әсер қалдырды. Уақыттың тапшылығына байланысты қазір романды оқуға мүмкіндік жоқ, сондықтан кітаптың аудио нұсқасын тыңдап жүрмін», - деді Тамила Маматова телефон арқылы.

Мүсінші өткен жылы Абай Құнанбаевтың бюстін жасады. Автордың айтуынша, ол туынды Көкшетау қаласында орнатылды. Мұхтар Әуезовтің мүсіні ақпан айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұл мүсін Ыстықкөлдегі Әуезов үйінің алдына орнатылады. Ақпан айының соңына жоспарлап отырмыз. Бастама Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәліге тиесілі. Жоспар бойынша мүсіннің екінші көшірмесі жазушының туған ауылына қойылуға тиіс, – деп қосты автор.

Қырғыз мүсіншісі жазушыға қатысты фото, видео-архивтермен танысып шыққанын айтты.

«Адамның портретіне қарап отырып мүсін жасай беремін. Бұл менің ерекше қабілетім деуге болады. Бар уақытымды жұмысқа арнап, ықыласыммен жасадым. Тіпті, шеберханадағы ызғар мен саздың суығына қарамастан, жұмысты тоқтатпауға тырыстым. Бастапқыда бірнеше эскиз жасаған едім. Әрине, суық сазбен жұмыс істегенде қолың ауырмай қоймайды. Бар-жоғы екі ай уақыт кетті», - дейді мүсінші.

Тамила Маматованың пікірінше, Қырғыз елінде Әуезовтің атына көше берілуге тиіс.

«Бұл жұмыс тапсырыспен істелсе де, өзімнің қалауым болды. Аталған мүсін қырғыз бен қазақ халқының достығының символына айналуы керек. Екі елдің арасында түсінбеушілік болмай, тек өзара сыйластық болса деймін. Менікі кішкентай символикалық жұмыс. Әуезовтің шығармашылығымен танысып бастағанда, оның барша қызғыз үшін істеген жақсылығын білдім. Біздің Манасымызды «құтқарып» қалды. Сондықтан, біз оған ескерткіш орнатып, атына көше беріп, құрмет көрсетсек артық болмайды. Меніңше бұл қырғыздардың міндеті», - деп түйіндеді сөзін мүсінші Тамила Маматова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама