×

Балуандар Азия чемпионатында үш жүлде алды

Әзірге қоржында бір күміс, екі қола медаль бар

 Дастан Жұмабекұлы 05.08.2022 | 15:33
фото: ашық дереккөз

Осы күндері астанада алғаш рет дзюдодан ересектер арасында Азия чемпионаты болып жатыр.

Бірінші жарыс күні Қазақстан командасы үшін жаман болған жоқ. Дзюдошыларымыз алтын жүлде алмаса да, бір күміс пен екі қола медальді жеңіп алды. Атап айтқанда, әйелдер арасында 48 кг салмақта күрескен Абиба Әбужақынова күміс медалист атанса, ерлердің белдесуінде 60 кг салмақтағы  Мағжан Шамшадин мен 66 кг дейінгі салмақты күш сынасқан Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдені иеленді.

Абиба өз салмағында Тайпей және Моңғолия спортшыларын ұтып, финалға шыққан болатын. Бірақ финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жапон Кога Ваканаға жол берді. Мағжан Шамшадин қола жүлде үшін күресте моңғолиялық Ариунболд Энхтайваннан басым түсті. Бұл –  Мағжанның құрлық деңгейіндегі тырнақалды табыстарының бірі.

Биыл 66 килоға ауысып, үш бірдей әлемдік додада жүлдеге ілікпеген Ғұсман Қырғызбаев өзбек балуанына есе жіберіп, жұбаныш белдесінде Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшысын ұтты. Ал кіші финалда қарсыласы татамиге шықпай, жеңіс пен қола медаль Қырғызбаевқа берілді. Осылайша, ол 66 килодағы алғашқы жүлдесін иеленді.

Азия чемпионатының екінші жарыс күнінде Қазақстан атынан 73 кило салмақтағы Данияр Шамшиев қырғыз балуаны Шыңғысхан Сағынәлиевтен басым түсті. Осылайша, ол кем дегенде, күміс медаль жеңіп алды.

Бүгін Ерлан Серікжанов (73 кг) пен Мөлдір Нарынова (63 кг) татамиге шығады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама