×

Қызметінен кеткен Тараз әкімі қала тұрғындарынан кешірім сұрады

Ержан Жылқыбаев 2021 жылдың наурызында Тараз қаласының әкім болып тағайындалды

 Халық үні 05.08.2022 | 14:23
Фото: ашық дереккөз

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қызметінен кетті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы Ержан Жылқыбаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Ол екі жарым жыл бұрын Жамбыл облысына қызмет бабы бойынша келгенін айтып, сол уақыттан бері атқарған жұмысына шолу жасады.

«Құрметті тараздықтар, қадірлі жерлестер! 1 жылдан аса облыс әкімінің орынбасары ретінде 9 басқармаға жетекшілік еттім. Қордай оқиғасынан соң тұрақтылықты қалыптастыру, әлемді жайлаған пандемиямен күрес, елімізде бұрын-соңды болмаған жаппай білім беруді онлайн форматқа ауыстыру сияқты аса жауапты кезеңде күні-түні еңбек еттік. Былтыр наурызынан бастап Тараз қаласының әкімі болып тағайындалдым», - деп жазды Жылқыбаев.

Айтуынша, Тараз әкімі болған кезде тұрғындар сұранысы мен қоғамның пікірі ескерілді.

Сенім артылған соң, еліміздің кез-келген өңірінде мемлекеттік саясатты іске асыру – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Алайда сол міндеттің басталатыны сияқты, аяқталатын да кезеңі болады. Ол – заңдылық. Сондықтан, мен өзімнің Жамбыл жеріндегі қызметімді тоқтатып, тағы бір өмір белесінен өттім, - деді ол.

Ол сондай-ақ кей жобаның орта жолда қалғаны үшін кешірім сұрады.

«Маған 400 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығына басшы болу – халықтың әл-ауқатын жақсарту, сан-салаға серпін беру, қаланы көркейту, халық сенімінен шығу сияқты міндеттер жүктелді. 1,5 жылға жуық уақыт аралығында атқарған жұмыстарымыз тараздықтардың көз алдында болды. Оның бағасын халықтың өзі бере жатар. Іске асыруға үлгермей қалған жобалар мен ақталмай қалған үміттер болса кешірім сұраймын», - деп жазды Ержан Жылқыбаев.

ЖЫЛҚЫБАЕВТЫҢ ҚЫЗМЕТ ЖОЛЫ

Ержан Жылқыбаев 1982 жылы Түркістан облысында туған. Оңтүстік Қазақстан университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Экономика департаментінің бас маманы болып бастаған. 2006 жылы Қазақстан Республикасы премьер-министрі Кеңсесінің бас сарапшысы болып тағайындалған.

2007 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің бөлім басшысы болып еңбек еткен. 2009-2011 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары. 2011-2012 жылдары - Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2012-2015 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы.

2015-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аймақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2016-2019 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі лауазымын атқарған.

2020 жылдың ақпанында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

2021 жылдың наурызында Тараз қаласына әкім болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама