×

«Полиция арыз қабылдамайды». Ақсу ауылы тұрғынының 15 бас малы жоғалды

Жетісу облысында мал ұрлығы күшейіп тұр

 Ая Өміртай 04.08.2022 | 18:12
Коллаж: Halyq Uni

Жетісу облысы, Ақсу ауданы ауылдарында мал ұрлығы асқынып тұр. Ақсу ауылының тұрғыны Самғар Рахымжанның 3 бас сиыры қолды болған. Ол жоғалған малының құнын 1 млн теңгеге бағалап отыр. Оның айтуынша, жергілікті учаскелік полициядан қайыр жоқ.

25 жастағы Самғар Рахымжан бес жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ол жеңілдетілген несие алып, оған 30 бас сиыр сатып алған. Айтуынша, осы жылдардың ішінде 40-тан астам малы жоғалып, табылмай отыр.

«Мал шаруашылығымен айналысып жатқанымызға 5-6 жыл уақыт болды. Жыл сайын мал жоғалады. Биыл 15 бас малым жоғалды. Менде ғана емес, көршілерімізден де мал ұрланады. Ешуақытта табылған емес», – дейді Самғар.

Оның айтуынша, Ақсу ауылы тұрғындардың көбі өзін-өзі жұмыспен қамтып, мал ұстап жан бағады. Ауылда 500-дей тұрғын бар. Ол жоғалған малдың да, ұрылардың да табылмағанын айтады.

«Мал жоғалған сайын ауылдың полициясына да, 102-де хабарласамыз. Кейде келеді, бірақ маңайдан іздеп-іздеп таппай кетеді. Малымыз жоғалғанын айтып арыз жазғанымызбен, тіркелгені турасында талон бермейді», – деп шағымданды ол. 

Ауыл шаруашылығы мамандары мал ұрлығы қылмысы үшін жазаны қатаңдатумен бірге жергілікті полицияға да талапты күшейту керек деп санайды.

Айта кетелік, Алматы облысында биыл мал ұрлығына қатысы бар бір топ күдікті ұсталған болатын. Оларға 50-ден астам жылқы ұрлады деген айып тағылды.

2021 жылы Алматы облысында мал ұрлығына қатысты жалпы 583 қылмыстық істі тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама