×

Теннис: Қазақстан әлем чемпиондарын жеңіп, ширек финалға шықты

Итальян қарсыластарын Даниэль Тазабеков пен Заңғар Нұрланұлы ұтты

 Дастан Жұмабекұлы 04.08.2022 | 09:10
фото: ktf.kz

Теннистен Чехияның Простеев қаласында 14 жасқа дейінгі жасөсіпрімдер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында (2022 ITF World Junior Tennis Finals) Қазақстан құрамасы  ширек финалына шықты.

Жарыстың үшінші күні теннисистеріміз әлем чемпионы – Италия құрамасын жеңді. Теннис федерациясының хабарлауынша, кортқа сейсенбі күні Аргентина командасымен сәтті ойнаған Даниэль Тазабеков алғашқы болып шығып, Сальваторе Тартальонемен күш сынасты.

Бірінші партияда Даниэль қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ. Есеп – 6:0. Екінші сетте бесінші геймде брейк жасап, сол басымдылығынан айырылмады. Есеп – 6:3.

Осы кездесуде Заңғар Нұрланұлы да Антонио Марильяноға қарсы аса тартысты бәсеке өткізді. Бірінші партияда итальян спортшысы басымдылық танытты. Есеп – 6:4. Екіншісінде де ол 3:1 есебімен алға шықты. Дегенмен, Заңғар таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті 6:4 есебімен ұтты. Үшінші, шешуші партияда сегізінші геймде қазақ теннисшісі брейк жасай алды. Есеп - 5:3. Содан кейін өзі доп бергенде, кездесуді 6:3 есебімен жеңді.

Енді ¼ финалда Қазақстан құрамасы Словениямен кездеседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама