×

Бақытгүл Хаменова сегіз айдан бері айыптау актісімен таныспаған

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевқа қатысты келесі сот отырысы 11 тамызда өтеді

 Айнұр Асылбекқызы 03.08.2022 | 13:20
Halyq Uni/Ainur Saparova

№2 Атырау қалалық сотында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сот орыс тілінде өтіп жатыр. Таңғы сағат 9.30-да басталуға тиіс сот отырысы 10-ға жақын басталды. Сот отырысына судья Жұмабек Ташимов төрағалық етті. 

Мемлекеттік айыптаушы ретінде процесте Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Лаура Асанова қатысты.

Сот залы лық толы болды. Процеске қатысуға сотталушылардың туыстарынан бөлек, таныстары келген.

Судья Ташимов тараптардан аудио-видео жазуға және өздерінің бет-жүзін түсіруге қарсылығы бар-жоғын сұрады. Барлығы, соның ішінде Хаменова да бұған «қарсылығым жоқ» деп жауап берді.  

Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.

Хаменова мен Рысқалиевтың адвокаттары – Игорь Вранчев пен Нұрлан Жолболов, ал Адамовтың адвокаты – Марат Азмағамбетов. 

Судья Ташимов Хаменовадан «айыптау актісінің көшірмесін алдыңыз ба?» деп сұрады, Хаменова «жоқ, алмадым» деп жауап берді. Ол сегіз ай тергеу изоляторында жатқанда тергеуші мен прокурорлардың келгенін айтты. Алайда олардың жанында адвокаты болмағандықтан, кездесуден бас тартқан.

Айыптау актісінің көшірмесі Хаменоваға сот процесінен кейін, 3 тамызда танысуға ұсынылатын болды. Осыған байланысты судья Ташимов қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, келесі сот отырысы айыптау актісі берілген күннен үш күн өткен соң өтетінін айтып, сот отырысын 11 тамызға белгіледі. 

Айта кетейік, 2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.

12 желтоқсанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.

Қазір Бақытгүл Хаменованың Атырау облысының әкімдігіндегі штаттық орны сақталған. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Хаменова жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазбаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама