×

Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 27 миллионнан асуы мүмкін

Дегенмен бірқатар өңірлерде халық саны қысқарады деп болжанып отыр

 Динара Амантай 01.08.2022 | 11:12
Фото: shymkentaqparat.kz

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжамдау департаментінің сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштерінің негізінде демографиялық болжам дайындады деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Талдауға сәйкес, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,8 млн - нан (теріс сценарийде) 21,5 млн-ға дейін (оң сценарийде), ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін болуы мүмкін.

Бұл ретте, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 млн 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай – 27 млн 192 мың адамға жетеді, – деп атап өтті ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Оның айтуынша, ЕРДО таңдалған базалық жылға, туу деңгейіне, өлім-жітімге және көші-қонға байланысты әр өңір бойынша 27 негізгі сценарийді болжайды. Сондай-ақ, халықтың санын осы негізгі көрсеткіштер шеңберінен тыс модельдеуге мүмкіндік беретін механизм жасалды, мысалы, туу көрсеткішін жоғарылату немесе өлімді белгілі бір пайызға төмендету.

Сонымен бірге 2030 жылға қарай орталық сценарий бойынша халық саны Нұр-Сұлтан қаласында – 420 мың адамға немесе 33% - ға, 1,7 млн адамға дейін, Алматы қаласында – 414 мың адамға немесе 20% - ға, 2 млн 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында – 369 мың адамға, немесе 32% - ға, 1,5 млн адамға дейін өседі.

Бұдан басқа, Түркістан облысында халық саны 207 мың адамға, Маңғыстау облысында – 170 мың адамға, Алматы облысында – 145 мың адамға ұлғаяды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының қысқаруы күтіліп отыр.

2050 жылға қарай, ЕРДО сарапшыларының есептеріне сәйкес, болжамның орталық нұсқасын алып қарайтын болсақ өсу бойынша көшбасшы Шымкент қаласы болады, оның халық саны 1 млн 679 мың адамға артып, 2,8 млн адамға жетеді немесе 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артады. Нұр-Сұлтан қаласында өсім 1 млн 634 мың адамды құрайды, бұл 2,3 есе өсімге, 2,9 млн адамның көрсеткішіне сәйкес келеді. Алматы қаласында тұрғындар саны 3,5 млн адамға дейін немесе 1,4 млн адамға (2022 жылға қарай+69%) өседі. Маңғыстау облысында халық саны 820 мың адамға өседі, соның салдарынан өңірдегі халық саны 1 млн 571 мың адамды құрайды.

«Біздің болжамымыз бен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің жаңа демографиялық болжамы ұқсас және сценарийге байланысты халық санының 2030 жылға қарай 20,8 млн-нан 21,5 млн адамға дейін, ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін өсуін болжайды», – деп бөлісті Дмитрий Шумеков.

Жалпы, БҰҰ сарапшыларының сараптамасына сәйкес, осы жылдың қараша айында әлемдік халық саны 8 млрд адамнан асатынына қарамастан, соңғы уақытта өсімнің біртіндеп баяулауы байқалады. Мәселен, 2019 жылы халық өсімі 76 млн адамды құраса, 2021 жылы 68 млн адам болды.

«Келесі 9 миллиардтық межеге 2037 жылға, ал 10 миллиардтық межеге 2058 жылға қарай жетеді деп күтілуде. Бірақ бұл ретте 2019 жылғы болжамда 2022 жылға күтілетін көрсеткіш 7 млрд 954 млн адамды құрады, яғни пандемия халықтың жиынтық өсуіне парадоксалды түрде оң әсерін тигізді», – деп түйіндеді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама