×

Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаты болды

Ол 2019 жылдан бері Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды

 Халық үні 01.02.2022 | 09:55
фото: ашық дереккөзден

Орталық сайлау комиссиясы Ерлан Қошановты Мәжіліс депутаты етіп тіркеді.

«Қазақстандағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңның 12, 45, 46-баптарына, 97-1-бабының 5, 6-тармақтарына, 98-бабына сәйкес және Nur Otan партиясы қоғамдық бірлестігінің саяси кеңесі бюросының 2022 жылғы 31 қаңтардағы №002PQ қаулысынан үзінді көшірмеге сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді:

  1. Мәжіліс депутатының бос мандаты Nur Otan партиясы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерлан Жақанұлы Қошановқа берілсін.
  2. Ерлан Жақанұлы Қошанов Мәжіліс депутаты болып тіркелсін.
  3. Ерлан Жақанұлы Қошановқа белгіленген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылсын, – делінген ресми ақпаратта.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ

1962 жылы Қарағанды облысында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірді. 1999 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдады. Институт бітірген соң Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесарі, шебері болып істеді.

1988-1990 жж. – жұмыскер және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық жастар проблемаларының әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі.

1990-1995 жж. – Жезқазған облыстық комитетінің сыртқы экономикалық байланыс комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төрағасының орынбасары, төрағасы.

1995-1999 жж. – Сенат депутаты.

1999-2001 жж. – Парламенттегі үкімет өкілі.

2001-2003 жж. – Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары – Парламенттегі үкімет өкілі.

2003-2006 жж. – Көлік және коммуникация вице-министрі.

2006-2007 жж. – Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

2007-2012 жж. – Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары – Парламенттегі үкімет өкілі.

2012-2017 жж. – Премьер-министр кеңсесінің басшысы.

2017-2019 жж. – Қарағанды облысының әкімі.

2019 жылғы 18 қыркүйек күні Мемлекет басшысының жарлығымен Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

«Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен және мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Қазақ, орыс, неміс тілдерін меңгерген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама