×

Нұрлан Нығматулин өкілеттігін тоқтатуға өтініш берді

Ол 2021 жылғы 15 қаңтардан бастап жетінші сайланған Мәжіліс төрағасы болды

 Халық үні 01.02.2022 | 09:50
коллаж: Halyq Uni

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты Нұрлан Нығматулиннің өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы ресми ақпарат жариялады.

Конституцияның 52-бабына, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді:

  1. Мәжіліс депутаты Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін.
  2. Мәжіліс депутаты Н.З.Нығматулиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Мәжілісіне енгізілсін, – делінген құжатта.

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН

1962 жылы Қарағандыда туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Саяси ғылымдарының докторы. Институтты бітіргеннен кейін «Қарағандыоблгаз» өндірістік бірлестігі автоколоннасының инженері, бастығы болып жұмыс істеген.

1985-1990 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Ленин аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы.

1990-1993 жылдары – Қазақстан жастар ұйымдары комитетінің төрағасы.

1993-1995 жылдары – «Тенгри» қазақ-американ бірлескен кәсіпорынның президенті.

1995-1999 жылдар аралығында – Президент әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары.

1999-2002 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары.

2002-2004 жылдар аралығында – Көлік және коммуникация вице-министрі.

2004-2006 жылдары – Президент әкімшілігі басшысының орынбасары.

2006-2009 жылдар аралығында – Қарағанды облысының әкімі.

2009-2012 жылдар аралығында – «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

2012 жылғы 20 қаңтар – 2014 жылғы 3 сәуір аралығында бесінші сайланған Мәжіліс төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі.

2014 жылғы 3 сәуір – 2016 жылғы 21 маусым аралығында Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.

2016 жылғы 22 маусымнан бастап алтыншы сайланған Мәжіліс төрағасы болып бірауыздан сайланды, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

2019 жылғы 22 тамызынан - Nur Otan партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі.

2021 жылғы 14 қаңтардан - Nur Otan партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі.

2021 жылғы 15 қаңтардан - жетінші сайланған Мәжіліс төрағасы болып бірауыздан сайланды.

«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама