×

Техпаспортты жоғалтқан жағдайда қалай тез қалпына келтіруге болады?

Ол үшін жеке куәлік керек және көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін жатқа білсеңіз жеткілікті

 Халық үні 30.07.2022 | 12:16
Фото: ашық дереккөздерден

Азаматтар өз көлігінің төлқұжатын жоғалтқан жағдайда немесе оның мерзімі өтіп кеткен болса бір жарым сағат ішінде қайта қалпына келтіре алады.

Көліктің техникалық төлқұжатын абайсызда жоғалтып алсаңыз, уайымдаудың еш қажеті жоқ. Бірден мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бағыт түзеңіз. Небәрі бір жарым сағат ішінде құжатыңызды толықтай қалпына келтіре аласыз.

Бастысы мына мәліметті есте сақтаңыз:

  • Техникалық төлқұжаттың көшірмесін алу үшін ең бірінші жеке куәлігіңіз керек;
  • Көлігіңіздің мемлекеттік тіркеу нөмірін жатқа білуіңіз шарт. Өйткені, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, төлқұжаттың жоғалғаны жайлы өтініш жазғаныңызда бұл ақпарат міндетті түрде керек.

Мұнда тағы бір ескерер мәселе бар. Жоғалған төлқұжатты қайта қалпына келтіру кезінде егер сіздің көлігіңіздің мемлекеттік тіркеу нөмірі ескі үлгіден болса, онда сіз сол нөмірді өткізесіз. Сізге жаңа үлгідегі көлік нөмірін береді. Мұнан кейін техникалық төлқұжатыңызды қолыңызға ұстатады. Ал егер көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі жаңа үлгідегі болса, онда тек жеке куәлік жеткілікті.

Көліктің техникалық төлқұжатын қайта қалпына келтіру үшін міндетті төлем бар. Яғни, мемлекеттік баж — 765 теңге, 75 тиын және төлқұжат үшін 3825 теңге 75 тиын төлейсіз.

Ал егер көлік нөмірі ескі үлгідегі болса, онда сіз жаңа нөмір алу үшін қосымша ақша төлеуіңіз керек. 8577 теңге. Сонымен қатар, көліктің техникалық төлқұжатын қалпына келтіру үшін жоғарыдағы қаражатты да қоса төлеу керек.

Бастысы, сіз көліктің техникалық төлқұжатын қайта қалпына келтіру үшін көп уақыт жоғалтпайсыз. Небәрі бір жарым сағатта шаруаңыды бітіре аласыз. Сонымен қатар, тағы бір ескерер жайт, құжатты жоғалған жағдайда кез-келген мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан қайта қалпына келтіре аласыз.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама