×

Израилдің Қарулы Күштері Иранға соққы жасауға дайын

АҚШ-тың барлау мәліметтері бойынша, ирандықтар ядролық бағдарламаның құрамдас бөліктерін қаруға айналдыру әрекетіне көшкен жоқ

 Қанат Атаманов 27.07.2022 | 08:00
Фото: ашық дереккөздерден

Иранның ядролық бағдарламасының дамуын тежеу үшін қару қолдануға дайынбыз деп мәлімдеді Израилдің Қорғаныс министрі Бени Ганц «13» телеарнаға берген сұхбатында.

Бүгінгі таңда Иран тек біздің ғана емес, бүкіл әлемдік проблема. Біз атомды тежеу үшін соққы жасай аламыз, - деді министр тікелей эфирде.

Бұған дейін Иран билігі атом энергетикасын ядролық қару жасауға емес, бейбіт мақсатта пайдалануға ұмтылатындарын бірнеше рет мәлімдеген болатын. АҚШ-тың барлау мәліметтері бойынша, ирандықтар ядролық бағдарламаның құрамдас бөліктерін қаруға айналдыру әрекетіне көшкен жоқ. Сонымен бірге, ядролық келісімнен шыққаннан кейін Иран бірнеше апта ішінде ядролық қаруды жасау үшін қажетті компоненттерді алуға мүмкіндік алған. 

Өз кезегінде Израильдің премьер-министрі Яир Лапид шілде айында АҚШ президенті Джо Байденмен бірлескен баспасөз мәслихатында «еркін әлем» елдерінің Тегеранның ядролық бағдарламасын тоқтату үшін қарсы күш қолдануға дайын екенін атап өтті.

Айта кетсек, 2018 жылдың мамырында АҚШ президенті болған Дональд Трамп Тегеранға қарсы санкцияларды енгізген болатын. Бұған жауап ретінде Иран ядролық зерттеулердегі, центрифугалардағы және уран байыту деңгейіндегі шектеулерден бас тартып, келісім шеңберіндегі міндеттемелерін кезең-кезеңімен қысқартатынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама