×

Атырауда балаларға салғырт қараған екі балабақша басшысына айыппұл салынды

Атырау қаласында жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған балаларға күш қолдануға қатысты алты қылмыстық іс қозғалды 

 Айнұр Асылбекқызы 26.07.2022 | 19:01
Фото: ашық дереккөз

Атырауда жыл басынан бері балабақшада ұрып-соғу дерегі бойынша екі жекеменшік балабақшаның басшысына айыппұл салынды. Қызметкерлердің кінәсі дәлелдер арқылы анықталды. Бұл туралы Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Бердібек Тайышев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бір оқиға 20 наурызда болған. Қаладағы жекеменшік балабақшада 3 жасар қызды өзімен жасты үш қыз тырнап, денесін көгерткен. Балалар бір топта болған. Алайда бұл жағдай кезінде тәрбиешілер жанында болмаған, балалар қараусыз қалған.

Тайышевтың айтуынша, балабақша басшысы тарапынан бақылау дұрыс жүргізілмеген. Соның салдарынан педагогтер өзіне жүктелген міндетін орындамаған.

Екінші оқиға 14 сәуірде болған. Жекеменшік бөбекжай-бақшасында 6 жасар қыз орындықты ас бөлмесіне апармақ болған. Алайда шалынып, жыныс мүшесін жарақаттаған. Сот-сараптамалық тексеру қорытындысына сәйкес қыздың жеңіл жарақат алғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша екі балабақша басшысына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 3-бөлігі (ҚР білім беру заңнамасын бұзу білім алушылардың денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан жағдай) бойынша іс қозғалды. Оларға 50 АЕК көлемінде (153 150 теңге) айыппұл салынды.

Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Бердібек Тайышевтың айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдар 2011 жылға дейін лицензияланған. Кейін 3-6 жас аралығындағы балаларды 100% балабақшамен қамту қажеттілігі туындаған соң балабақшаларды лицензиялау тоқтатылған. 2014 жылдан бастап балабақшаларға қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны жөнінде хабарлама беру тәртібі енгізілді. Алайда кей жекеменшік балабақша ашылғаны туралы хабарламайды.

Қазір мектепке дейінгі ұйымды ашуға қатысты бірыңғай талап жоқ. Балабақша ашқан кезде қандай жағдай жасалғанын, кімді жұмысқа алатынын, материалдық-техникалық жабдықталуы қандай екенін ешкім тексермейді. Осыған сәйкес балабақшаларды лицензиялау тәртібін енгізу қажет. Ендігі кезекте балабақшаның санынан гөрі сапасына мән бергеніміз жөн. Қазір мектепке дейінгі ұйымдарда лицензиялауды енгізу жұмыстары басталды. Көптеген елде мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланады немесе аккредиттеуден өтеді, - дейді Тайышев.

Оның айтуынша, лицензия алу кезінде мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік және жеке тұлғаға ортақ ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы керек. Ендігі кезекте балабақшалардың санынан гөрі сапасына аса мән берген жөн. Қазір мектепке дейінгі ұйымдарда лицензиялауды енгізу жұмыстары басталды. Көптеген елдерде мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланады немесе аккредиттеуден өтеді. 

Негізгі талаптар балалар санына, балалар мен персоналдың ара-қатынасына, педагогтер біліктілігіне, жабдықтарға, балалардың жас ерекшелігіне сәйкес білім беру бағдарламаларына, төтенше жағдайға дайындығына, денсаулығына, медициналық жағдайына қарай қойылады.

Айта кетейік, Атырау қаласында жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған балаларға күш қолдану дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша («кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау») алты қылмыстық іс қозғалған. Алайда құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты үш іс тоқтатылып, үш іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Бір істе анасы баласын ұрған. Енді бірінде мектеп мұғалімі оқушыға күш көрсетті деген күдікке ілінген. Үшінші іс бойынша балаларды дамыту орталығының тәрбиешісі балаға күш көрсетті деп айыпталып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама