×

Желідегі сыннан кейін Тараздағы Айша бибі ескерткішінің «беті» жуылды

Ескерткіш «Таразға тарту» жобасы аясында қойылған

 Халық үні 26.07.2022 | 16:09
коллаж: Халық үні

Әлеуметтік желіде Тараздағы Айша бибі ескерткішінің бүлінгені туралы ақпарат тарады. Журналист Жасұлан Әбдіхалық ескерткіштің лентасын Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев қиғанын айтып, қазір оның қараусыз қалғанын жазды.

«Жол үстінде қайыр сұрап тұрғандай күй кешкен ергежейлі Айша бибі мүсінінің қойылғанына жыл өткен жоқ, жағдайы – мынау. Арзан гипс үгітіліп, бет әлпетінің быт-шыты шығып жатыр. Дәл осындай кемпір күйде, дәл осы жерде тұрғанына есі дұрыс адамның бәрі қарсы болды. Табиғат ана өзі-ақ бұл жерден алып тастауға әрекет жасапты. Жаңбырдан үгітіліп, күн күйдіріп, қарға шоқыпты», - деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Ал Тараз қаласы әкімдігі қазір ескерткіш толық қалпына келтірілгенін айтты. Әкімдік мамандары ескерткіштің үгітіліп, қарға шоқығанын жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ескерткіштің бетін өрмекшінің торы жауып қалған. Қазір ол тазартылды.

Айта кетейік, Тараздағы Айша бибіге арналған ескерткіш 2021 жылы «Таразға тарту» жобасы аясында қойылған. Көпшілік оның сыртқы келбеті мен орналасқан жеріне байланысты сын айтты. Тұрғындар тіпті ескерткішті алып тастауды талап еткен. Ескерткіш Тараз қаласында Айша бибі және Тәуке хан көшелерінің қиылысында тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама