×

Тараздағы жатақхананың бірі «зоопаркке» айналды

Тұрғындардың үсті-басы қызарып, кейбірінің денесі бөртіп кеткен

 Ұлдана Жұбай 25.07.2022 | 17:12
коллаж Халық үні

Таразда №37 жатақхана тұрғындары бес қабатты ғимарат ішінде егеуқұйрық қаптағанын айтып, арызданды. Олар тозығы жеткен ғимарат ішінде кеміргіштер көбейгеннен киімін апта сайын қоқысқа тастауға мәжбүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жатақхана біраз жылдан бері жөндеу көрмеген. Содан ішінде қандала мен егеуқұйрық қаптаған. Тұрғындар олардан күні-түні тыныштық жоқ екенін айтады. Енді бірінің үсті-басы қызарып, кейбірінің денесі бөртіп кеткен.

Осы үйде 30 жылдан бері тұрамын. Қанша жыл өтсе де, қандала мен егеуқұйрықтан құтыла алмай қойдық. Жан-жақта қаптап жатыр. Түнде ұйықтауға қорқамыз. Үстіміздің бәрін шағып тастады. Содан аллергия болып жатырмыз. Қала әкімі қайда қарап отыр? Неге бізді көрмейді, естімейді? Қашанғы таланып отыра береміз?, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Раушан Әлімбекова.

Жатақханаға қоқыс тастайтын орын тым жақын орналасқан. Сондай-ақ ғимарат айналасын шөп басқан.

«Жылы орынға жайғасқан ағалар, халықты естімейтін көкелер, сіздер барсыздар ма? Бар болсаңыздар, келіп көріңіздер! Қоқыс тастайтын орынның жағдайына бір қараңыздар. Иісінен жанына жолай алмайсың. Қоқыс деген толып жатыр. Егер мәселемізге сәл де болса үңіліп, көреміз десеңіздер, түнде келіңіздер. Алдыңыздан тышқаны да, тарақаны да, кірпісі де, қандаласы да мекендейтін «зоопарк» шығады», - дейді тұрғын Жанар Әдейова.

Тұрғындар жатақхана жертөлесі жөнделмей егеуқұйрық пен қандаладан құтылу мүмкін емес екенін айтады. Ал әкімдік тарапы жөнделеді деп жазбаша жауап қайтарды. Алайда жөндеу жұмыстары нақты қашан басталатыны белгісіз.

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің хабарлауынша, келешекте бұл жатақханаға қаржыландыру арқылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама