×

«Арыз жазбады». Қамаудағы Хаменованың штаты неге қысқартылмағаны айтылды

Бұған дейін Атырау облысы әкімінің екі орынбасарының штаты қысқартылды

 Айнұр Асылбекқызы 22.07.2022 | 15:01
Бақытгүл Хаменова, фото: azh.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы жолдауында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері аппаратында мемлекеттік қызметшілерді оңтайландыру туралы тапсырма берді. Осы тапсырма аясында Атырау облысы әкімі орынбасарларының шекті саны екі адамға (С.Айдарбеков пен Н.Таушовтың) қысқартылды.

Алайда Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі қазір қамауда отырған Бақытгүл Хаменованың әкімдіктегі штаттық орны сақталғанын хабарлады.  

Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазған жоқ, - деп жауап берді әкімдіктегілер.

Еске салсақ, Бақытгүл Хаменова 2021 жылдың 22 желтоқсанынан бері тергеу изоляторында отыр. Ол Атырауда 145 миллион теңгеге Абай ескерткішін дайындау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасағаны үшін ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.

26 мамырда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға және Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты іс Атырау қаласы №2 сотының өндірісіне түсті. Іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (пара алу) бойынша сотқа берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама