×

Оралда автокөлік қағып кеткен 72 жастағы кейуана көз жұмды

Өңірде жол апаттарынан кейін бірнеше адам ауруханаға түсті

 Қанат Атаманов 21.07.2022 | 00:00
Фото: inform.kz

Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бірінші оқиға 20 шілде күні сағат 08.10-да Х.Доспанова мен 8 наурыз көшелерінің қиылысында болған.

«Киа Рио» автокөлігінің жүргізушісі бұрылар сәтте жол бермей, «Кавасаки» мотоциклімен түйіскен. Автокөлікте 1993 жылғы жүргізуші мен екі жасар бала болған. Жол апатынан кейін 32 жастағы мотоциклші мен екі жасар бала жарақат пунктіне жеткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген 2020 жылғы бала алдын ала диагноз бойынша бас пен мидың жабық жарақатын алған. 1990 жылғы ер адамның бас пен мидың жабық жарақатына қоса миы шайқалған. Ол облыстық ауруханада жатыр.

Полиция департаментінің мәліметі бойынша кеше түнде тағы бір жүргізуші «Хундай Акцент» автокөлігімен Н.Назарбаев даңғылында келе жатып, Ж.Молдағалиев көшесімен қиылысар тұстағындағы жаяу жүргінші өткелінде 22 жастағы қызды қағып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша қыз бас пен мидың жабық жарақатын алған. Жүргізуші медициналық куәландыруға сәйкес ішімдік ішпеген. Сонымен қатар 20 шілде күні шамамен сағат 19.40-та 1988 жылғы жүргізуші «ВАЗ-210740» автокөлігімен Карбышев көшесі бойында белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 1950 жылғы әйелді қағып кетті. Жол апаты салдарынан әйел көз жұмды, - деп хабарлады ведомстводан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы екінші оқиға бойынша жедел жәрдемнің сағат 23.29-да шақырылғанын жеткізді. Облыстық ауруханада жатқан қыздың жамбасы да сынған.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Оралда жол апатынан 8 адамның қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама