×

Қандастарымыз Қазақстанның шекарасына кіре алмай жатыр

Ал мыңдаған ресейлікке еліміздің есігі ашық

 Дастан Жұмабекұлы 19.07.2022 | 13:06
фото: Серік Жолдасбай

Түркіменстаннан келе жатқан бір топ қандас Қазақстанның шекарасына кешелі бері кіре алмай жатыр. Бұл туралы Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сали Мұхамбетов пен Баян Бекжанова айтты.

Олардың айтуынша, Түрікменстаннан елімізге көшкісі келетін адам көп. Оларды Түрікменстан жағы жіберіп отыр. Қазақстанның кеден қызметі елімізге кіргізбейді. Ал шекарашылар техникалық себепке байланысты азаматтарды өткізе алмай жатқанын айтады. Алайда олардың туыстары шекарашылардың бұл сөзіне сенбей отыр. Жаңаөзендік азаматтар ми қайнатар ыстықта халықты шекарада ұстап тұру ақылға сыймайды деген пікірде.

Бізге Қазақстанның көмегі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Түрікменстаннан туыстарымызды көшіріп әкелгіміз келіп отыр. Бірақ оларды шекарашылар елге кіргізбей жатыр. Мен тумаларымның құжаттарын бір жыл бойы дайындап, Маңғыстау облысына көшіруді жоспарлап едім. Енді маған «Маңғыстау облысына көшіріп әкелуге болмайды. Солтүстік Қазақстан облысына көшіріп апарыңыз. Ол үшін сол жақтағы тұрғылықты мекенжайын растайтын құжатты тапсыру керек», деп айтып жатыр. Менің Петропавлда таныстарым да туған-туыстарым да жоқ. Мен жасы келген туыстарымды өзімнің жанымда болғанын қалаймын. Үлкен кісілердің денсаулығы шамалы. Оларға күтім керек. Енді міне, туғандарымыз Қазақстанға Отаным, елім, жерім деп келгісі келсе, оларға неше түрлі шектеу қойылып жатыр, – деді Баян Бекжанова.

Оның бұл сөзін Сали Мұхамбетов те растады. Ол да ата-анасы мен туған бауырын, басқа да туыстарын Қазақстанның шекарасынан өткізе алмай жатқанын, өзі де кезінде Түрікменстаннан көшіп келгенін, қазір Жаңаөзен қаласында азаматтық алу үшін әрекет етіп жатқанын айтты.

Түрікменстанда Қазақстанға көшіп келгесі келетін адам көп. Мен нақты санын айта алмаймын. Бірақ өте көп екенін білемін. Кейбір адамдардың айтуынша, 200-300 отбасы шекарадан өте алмай жатыр. Мен ата-анама,  туған інім  мен басқа да туған-туыстарымды көшіру үшін бір жарым жылдан бері құжаттар дайындап едім. Оларды өзімнің жаныма көшіріп әкелгім келеді. Біз Үкіметтен ештеңе сұрамаймыз. Үй, жұмыс сұрамаймыз. Мен жағдайдың бәрін өзім жасап қойдым. Тек оларды көшіріп әкелу ғана қалды. Соған кеден қызметі рұқсат бермей жатыр. Менің осы сөзімді Сыртқы істер министрлігіне жеткізіңіздерші. Үкімет араласып, мәселені шешіп берсе дейміз, –  деді Сали Мұхамбетов.

Жаңаөзендік тұрғындар осылай Үкіметке жанайқайларын жеткізуді сұрады. Оларға Жаңаөзеннің әкімі мен оның орынбасары бұл мәселені шеше алмайтындарын, оның Үкіметтің араласуымен ғана шешілетінін айтыпты.

Енді Жаңаөзеннің тұрғындары Түрікменстаннан елімізге кіре алмай жатқан қандастардың мәселесін шешу үшін  қала әкімдігінің алдына жиналыпты. Сол жерден мәселе шешілмейінше кетпейміз деп отыр. Қала әкімі жиналысқа кеткен. Оның орынбасары жиналғандарға астанадан бір хабарды күтіп отырмыз депті.

Қазір Ресей азаматтарының өз елдерінде соғыс болып жатқандай Қазақстанға көптеп көшіп келіп жатқаны белгілі. Оларға еліміздің шекарасы ашық. Мыңдаған ресейліктер келіп, емін-еркін өмір сүріп жатыр. Ал жат жұртқа құшағын айқара ашатын Ақорда өз ағайынына келгенде неге тарылады екен? Бұл Үкіметтің «Стокгольм сырқаты» емес пе өзі?!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама