×

Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды

Елбасының Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ға өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою мақұлданды

 Халық үні 27.01.2022 | 10:05
Нұрсұлтан Назарбаев, фото: архив

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынады. Бұл норма «Тұңғыш Президент - Елбасы туралы» Конституциялық заңда жазылған.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Осы орайда депутаттар «Қауіпсіздік кеңесі туралы» және «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңдарға бұрын ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды талқылады. Түзетулерде Елбасының Қауіпсіздік кеңесінде және Қазақстан халқы ассамблеясында өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою көзделеді.

Сенат депутаттары Мәжіліс депутаттарының бұрын айтылған барлық өзгерістерін мақұлдады. Бірақ, өз түзетулерін ұсына отырып, заң жобасын төменгі палатаға қайта қарауға қайтарып отыр.

Сенаторлар заңнамаға енгізіліп отырған мемлекетіміздің Қауіпсіздік кеңесін, Қазақстан халқы ассамблеясын Мемлекет басшысы өзінің қызметіне сәйкес басқаруы тиіс деген өзгерістерді қолдады. Сонымен қатар заңды талқылау барысында бір норма енгізіліп отыр. Ол – «Тұңғыш Президент туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларды Елбасымен келісілуге тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан да Сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспенен Мәжіліске қайтарып отыр,- деп атап өтті сенатор Ләззат Сүлеймен.

Енді Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген түзетулерді қарайды және қабылданған жағдайда заң жобасы Президентке жолданады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама