×

«Kazakhmys»-тың пиғылы да, көмегі де тарылып кетті» – Ұлытау облысының халқы

Бұрындары «Қазақмыс» көбірек көңіл, қаржы бөлетін. Ал қазір ол саясаттан олар біршама алыстады... 

 Халық үні 15.07.2022 | 21:54
фото: Halyq Uni

Еліміздің ең ірі мыс өндіруші кәсіпорындарының бірі әлеуметтік жауапкершілігін орындамай отыр. Ұлытау облысының тұрғындары корпорация 30 жылда Жезқазған мен өңірдің бірде-бір инфрақұрылымын жөндеп бермегеніне өкпелі. «...Сұрауы бар» YouTube арнасында көрсетілген жаңадан құрылған Ұлытау облысы туралы деректі фильмде ардагер журналист Базарбай Әлеуханұлы осылай деп мәлімдеді.

«Үкіметтің моноқалалар деген бағдарламасы шыққан. Жезқазған соған іліккен қала, онда да түк істелген жоқ. Сол баяғы жартас сол жартас. Жұрт әлі таза су ішіп отырған жоқ, дұрыс жолмен жүріп отырған жоқ. Апат деген сұмдық. Экологияны бұзып тұрған «Қазақмыстың» өндіріс орындары. Бұған назар аударылып, ақша бөлініп жатқан жоқ, тек штрафпен құтылып отыр. Штраф деген болмашы нәрсе корпорация үшін», - дейді Базарбай Әлеуханұлы. 

«Kazakhmys» кәсіпорнының мұржаларынан шыққан ауыр металл аралас түтіннің салдарынан Жезқазған қаласына айлап жауын жаумайтын жағдай қалыптасқан. Қаланы ұстап тұрған өндіріс орны соңғы жылдары тіпті тынысты тарылтты», - дейді жергілікті белсенді Әнуар Омар.

«Бұрындары «Қазақмыс» көбірек көңіл, қаржы бөлетін. Ал қазір ол саясаттан олар біршама алыстады. Болған дағдарыстарды сылтау қылып пиғылдары да, нақты көмектері де тарыла бастады. Тарылтып-тарылтып келіп осы уақытта «салығыңды, экологиялық салықты, қалпына келтіру шығындарын заңға сәйкес беріп тұрамыз, бірақ басқасына біздің жағдайымыз жоқ» деген сияқты психологияға кетті олар», - дейді белсенді Әнуар Омар. 

Ұлытау облысы тұрғындарының басым көпшілігі «Kazakhmys» корпорациясының кәсіпорындарында жұмыс істейді. Ал оның штаб-пәтері Лондонда орналасқан. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама