Министр 2 баланы құтқарған жасөспірімді төсбелгімен марапаттады

Дәурен Ерболат

Кездесуге оның анасы да қатысты

Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 2 баланы құтқарған Есдәулет Дәуітбековті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Юрий Ильин 17 жастағы жасөспірімге көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтып, болашақта ТЖМ азаматтық қорғау органдарының қатарынан осындай батыл жігіттерді көргісі келетінін атап өтті.

Министр Есдәулет Дәуітбековті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі және естелік сыйлықпен марапаттап, анасына гүл сыйлады.

Айта кетейік, 13 шілдеде елордада 17 жастағы жасөспірім үйдің 6-қабатынан құлай жаздаған 2 баланы құтқарған еді. Ал кеше Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Есдәулет Дәуітбековке білім грантын табыстады.