×

Кәсіпкерлікті дамыту жобасы бойынша 1,5 мың адам мемлекеттік грант алды

Аталмыш бағдарлама бойынша 233,3 мың адам жұмысқа орналасты

 Динара Амантай 15.07.2022 | 10:37
Фото: azh.kz

Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 284 мың адам қатысып, 233, 3 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 131,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 5,6 мың адам жіберілген. Ал өз кәсібін бастау үшін 1,5 мың адам мемлекеттік грант алды.

Бұған қоса субсидияланатын жұмыс орындарына 102 мың адам орналастырылғаны белгілі болды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 12,1 мың, жастар практикасымен 9,7 мың, қоғамдық жұмыстармен 77,7 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 1,4 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 182 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 816 адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 34 мыңнан астам адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін халықты жұмыспен қамтуға арналған шаралар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 2021 жылы бағдарламаға 651,8 мың адам қатысты.

Бұдан бөлек, «Еңбек» бағдарламасындағы бағыттардың бірі аясында жұмыс күші көп аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама