×

«Олардың артында тұрғандарды білеміз»: Антикор президент тапсырмаларын түгел орындамақ

Мемлекет басшысы айтқан кемшіліктердің бірі – жемқорлық

 Еркеғали Болатұлы 14.07.2022 | 16:17
фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аппараты мен аумақтық органдарының жеке құрамымен кеңес өткізді.

Онда бүгін өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Президент мемлекеттік органдардың елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тиімді жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты қатаң сын айтты. Мемлекет басшысы айтқан кемшіліктердің бірі – жемқорлық, - деді Олжас Бектенов.

Осы орайда ол Антикордағы барлық бөлімше басшыларына жол құрылысы мәселесі бойынша дереу егжей-тегжейлі ақпарат беруді тапсырды.

«Біз барлық ірі мердігерлерді және олардың артында тұрғандарды білеміз. Республикалық және жергілікті жолдарды салу кезіндегі анық қателіктер туралы ақпарат бар. Басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселеде тәртіп орнатамыз. Бұл ретте адал бизнестің жұмысына араласуға жол беруге болмайды», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ мемлекет басшысының баға белгілеуді бақылау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жаңа ұлттық жобаларды әзірлеу мәселелеріне қатысты тапсырмалары талқыланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама