×

Jas Otan жастар қанатының атауы өзгерді

Футболшы Біржан Оразов ұйымға «Жастар рухы» атауын беру туралы ұсыныс жасады

 Наима Нұрәлі 12.07.2022 | 14:40
фото: facebook.com/nurjan.jetpisbai

Amanat партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының атауы өзгерді. Бұл туралы Jas Otan басшысы Нұржан Жетпісбаев мәлімдеді. Бұдан былай Jas Otan жастар қанатының атауы – «Жастар рухы».

Ұйымның атауын өзгерту туралы шешім 11 шілдеде Ақмола облысының Зеренді ауылында өткен «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде белгілі болған.

Съезд барысында қазақстандық шағын футболшы, мини-футболдан Еуропа чемпионатының үздік бомбардирі Біржан Оразов ұйымға «Жастар рухы» атауын беру туралы ұсыныс жасады.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл ұсынысқа қолдау білдірді, Жастар қанатының жаңа атауын съезд делегаттары да бірауыздан қолдады.

Съезд шешімімен партияның жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілді.

АНЫҚТАМА:

2000 жылы 4 қаңтарда «Отан» партиясының саяси кеңесі бюросы отырысында партияның жастар қанатын құру туралы қаулы қабылданды.

2008 жылы 14 мамырда «Jas Otan» жастар қанатының І съезі өтті. Дәл осы күні Jas Otan республикалық қоғамдық бірлестік мәртебесіне ие болды. Съезде ұйымның жарғысы мен 2011 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Сондай-ақ, съезд алаңында Қазақстан президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылды.

2012 жылы Jas Otan жастар қанатының II съезі өтті. Съезде делегаттар Jas Otan ЖҚ-ның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдады.

2015 жылы Jas Otan жастар қанатының кезектен тыс III съезі өтті. Съезде 2020 жылға дейінгі жұмысы айқындалып, ұйымның ребрендингі жасалды.

2018 жылы «Жаңа әлемге жол саламыз» ұранымен Jas Otan ЖҚ IV cъезі өтті. Бұл съезд шартты түрде «қайта жүктеу» атауын алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама